Ол өз қызметін пайдаланып, алаяқтыққа барған
Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік кірістер басқармасының маманы сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Әйел фермерден салық есебі үшін 300 мың теңге сұраған. Оқиға Казталов кентінде болған, деп мәлімдеді Әділдік жолының БҚО-дағы филиалының жетекшісі Бауыржан Зәки.
Шаруа көмек сұрап, қожалықтың 2021, 2022 және 2023 жылдардағы салық есебін және қожалық қызметін тоқтатуға арыз жазуды өтінген. Салық маманы оған салық есептерінің тапсырылмағанын және оның 800 мың теңгедей салық берешегі бар екенін айтқан. Фермер шаруа қожалығын сатып жібергенін айтып, қожалықты жабуға одан көмек сұраған. Ал маман 01.07.2023 жылы ЭЦҚ кілтімен 2021, 2022 жылдардағы салық есебін тапсырған және шаруа қожалығының қызметін тоқтату жөнінде арыз жазған. 13.08.2023 жылы қожалықтың жабылуы туралы автоматты түрде шешім қабылданған.
Мемлекеттік кірістер басқармасының маманы оған хабарласып, барлық салық есебін тапсырып, шаруа қожалығын жапқан еңбегі үшін 300 мың теңге ақша сұраған. Фермер келісіп, ақшаны бөліп беретінін айтқан, – дейді Бауыржан Зәки.
Салық маманы «ақшаны қашан бересің?» деп whatsapp мессенджеріне жазған. Шаруа 2023 жылы күзде 50 мың теңгені оның Каспи голдына, ал 31.05.2024 жылы маманның қызына 50 мың теңге аударған. Фермер 03.06.2024 жылы оған жұмысқа келіп, 50 мың теңгені қолма-қол берген. Сол жерде Антикор қызметкерлері оны ұстаған.
Сот Казталов ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманын Қылмыстық кодекстің 24 бабы 3 бөлігі (қылмысқа дайындалу, оқталу) – 190 бабы 3 бөлігі 2 тармағымен (алаяқтық) кінәлі деп танып, мемлекеттік органдарда қызмет етуге өмір бойына тыйым салып, 1 125 000 теңге айыппұл жазасын тағайындады.