Елдегі жаппай тәртіпсіздік: Бизнес қанша шығынға батты
Бизнеске келтірілген шығын 100 млрд теңгеге жуықтады
Алдын ала есепке сәйкес, шығынның жалпы сомасы 93,7 млрд теңгеден асты. Ал Алматыда 92,2 млрд теңгеге жетті.
9 өңірде 1 319 зардап шеккен бизнес-субъект анықталды. Соның ішінде 1234 субъект Алматы қаласында орналасқан.
Зардап шеккен бизнес салалары: сауда – 1245; қаржы секторы – 37; қоғамдық тамақтану – 25; логистика – 9; БАҚ – 2.
Байланыс орталығына 2774 қоңырау түсті. Соның ішінде: мародерлік мәселелері – 1406, форс-мажор – 39, блок-бекеттер – 2, зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау қоры бойынша – 3 және жеке тұлғалардан түскен қоңыраулар – 1324, - деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 10 қаңтар сағат 09.00-дегі ақпаратында.
Бизнесті өртеді, тонады және қиратты. «Атамекен» ҰКП осындай мәлімдеме жасады.
Кәсіпкерлер Ұлттық палатаның жедел желісіне ғимараттардың бүлініп, дүкендердің тоналғаны, қорғаныш терезелері, есіктердің қирағаны туралы хабарлап жатыр.
Бизнесмендердің сейфтері мен мүлкі ұрланған. Кәсіпкерлердің айтуынша, қалада жағдай бақылауға алынғанға дейін ұрлық бірнеше рет қайталанған.
Соның ішінде Алматыда 6 қару дүкені тоналған. Көлік дистрибьютерлерінің бірі 5 жаңа көліктің ұрланғанын және кеңсенің өртелгенін жеткізді.
Сауда желілері қатты зардап шекті. Мародерлер дүкендерден барлық затты: алкоголь өнімдері, темекі заттары, ақша, алтын, киім және аяқ киім, техника, ұялы телефондар, азық-түлік өнімдерін алып кеткен.
Сондай-ақ НТК тәуелсіз телевизиялық арнасынан қоңырау түсті. Бүлікшілер олардың кеңсесін толық қиратқан. Тағы бір телеарна аппарат студиясының өртенгенін айтты.
Кейбір кәсіпкер қалған тауардың жарамсыз болып қалғанын мәлімдеді. Өйткені оларға күйік пен ыс сіңіп қалған, сырты бүлінген.
Кәсіпкерлер шығынды фото және видеоға түсіріп, шамалап шығын актін жасауы керек.