ҚазМұнайГаз 539 млн теңге айыппұл төледі
Компания жұмысында бірқатар заңбұзушылық анықталды
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға мұнай өнімдері нарығындағы монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін 539,4 млн теңгеге айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті прокуратура органдарымен бірлесіп, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға қатысты 2023 жылдың өткен кезеңінде монополияға қарсы заңнаманың сақталуын тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша акционерлік қоғамның іс-әрекеттерінде мұнай өнімдерін өткізуді шектеу бөлігінде өзінің үстем жағдайын теріс пайдалану фактілері анықталды, деп мәлімдеді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Осылайша, Акционерлік қоғам 2023 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында мұнай өнімдерін сатуға берілген өтінімдерді елемеді. Ал кейбір жағдайларда мұнай өнімдерін өткізу мүмкіндігі бар болған жағдайда жеке сатып алушылармен мұнай өнімдерінің көлемін қысқарту жолымен кемсітушілік жағдайлар жасады, – деп толықтырды ведомство.
Департамент жоғарыда айтылғандарды ескеріп, ҚР ӘҚБтК 159-бабының 3-1-бөлігі бойынша Акционерлік қоғамға қатысты әкімшілік іс қозғады. Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 27 маусымдағы қаулысымен қоғам 539,4 млн теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда айыппұл толық көлемде төленді.