Қазақстанда криптобиржалардың үшінші типі пайда болады
Цифрлық даму министрі криптобиржалардың заңда толық реттелмегенін айтты
Қазақстанда қазір криптобиржалардың үш түрі жұмыс істейді. Енді оларды заң бойынша жіктеу қажеттілігі туындап отыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев журналистерге өткізген брифингінде айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның сөзінше, жергілікті лицензияны алған Binance, Bybit сияқты бірнеше биржа бар. Солармен қатар, Coinbase, Kraken, OKX секілді Қазақстанға келмейтін, лицензия алмайтындары да бар. Ол екінші түрі. Үшіншісі – қазақстандық криптобиржалар. Олар өз бетінше дамығысы келетін таза қазақстандық стартаптар. Министрдің пікірінше, олардың бәрін аражігін ажыратып, әртараптандыру керек.
Мәселен, олардың бірінші түрі елге келіп, инвестиция салып, лицензия алады, жергілікті кадрларды жалдайды. Университеттерде студенттерін оқытады, блокчейн мамандығын таратады. Қандай да бір алаяқтық операциялары болса, олар құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл әріптестік орнататын криптобиржалар», - деді министр.
Сонымен қатар криптобиржалардың екінші түрінің Қазақстанмен шаруасы жоқ екенін айтты. Құқық қорғау органдары түрлі алаяқтық әрекеттері бойынша хабарласса, олар тіпті сол ресми хаттарға жауап бермейді. Үшінші түрі, технологиялық тұрғыдан дамымаған қазақстандық криптобиржалар. Оларда сауда өтімді емес. Сондықтан жақсы дамып кете алмай отыр.
Сол үшін, менің ойымша, нақ сол лицензияға өтініш беріп, елге инвестиция салып, жергілікті кадрларды жалдайтын криптобиржаларды қолдау керек. Оларға әр қырынан қараған дұрыс. Осы айтылған криптобиржалардың екінші типі толығымен бұғатталуы керек те қалған екеуі жұмыс істей берсін, -дейді Жасұлан Мәдиев.
Бұған қоса, заңда нарықта жұмыс істеп жатқан криптобиржаларға шектеу жоқ, цифрлық шекара айқындалмағанын айтады. Бұл тұрғыда қай криптобиржа жұмыс істей алатынын, қайсысы жұмыс істей алмайтынын айқындап алу үшін заңмен қосымша жұмыс істеу керек.
Еске салсақ, Қазақстандық блокчейн технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығының төрағасы Дәурен Қарашев Қазақстанда 13 криптобиржаның лицензиясы бар: оның 12-і белсенді жұмыс істеп тұрғанын айтқан еді. Сарапшының пікірінше, цифрлық майнинг саласын реттеп, қадағалауды көздейтін тиісті нормалар бар. Алайда іс жүзінде цифрлық активтер саудасын қадағалау қиын болып отыр.