Көкшетау, Семей мен Өскеменде ресейлік компанияның қатысуымен үш жылу электр орталығы салынады
Қазақстанда жаңа үш ЖЭО қашан пайдалануға берілетіні белгілі болды. Көкшетау, Семей мен Өскеменде салынатын 3 ЖЭО құрылысына қатысты үкіметаралық келісімшарт жасалған. Қазір бұл жобалардың әрқайсы әр түрлі деңгейде. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Жаңа ЖЭО-ны «Самұрық Энерго» АҚ пен ресейлік «ИНТЕР РАО Экспорт» компаниясы бірлесіп салады.
Көкшетаудағы ЖЭО-ға келсек, онда техникалық-экономикалық негіздемесі дайын болып қалды. Соңғы сараптамалар жүргізіліп жатыр. Енді биыл жақын арада бірлесіп құрған кәсіпорын жобалық-сметалық құжаттамасына кіріседі. Сонымен бірге, құрылыс салынатын аумақ дайындала береді. Сондықтан құрылыс биыл басталады деп күтіп отырмыз, - деді министр бүгін өткен брифингте.
Оның айтуынша, Семейдегі ЖЭО-ның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Министр аталған жұмыстың жыл соңына дейін бітуі мүмкін екенін айтты. Одан соң жобалау мен құрылыс жұмыстары басталуы керек.
Өскемендегі жоба бойынша ТЭН әлі басталмады. Дегенмен бәріне қатысты нақты уақыттары белгіленген. Үш жобаның үшеуі де 2028 жылға дейін бітуі керек, - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Еске салсақ, 2023 жылғы қарашада Қазақстан мен Ресейдің энергетика министрліктері арасында Көкшетау, Семей және Өскеменде жылу электр орталығын салу туралы келісімге қол қойған еді.