Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда зейнетақы қорындағы жинаққа үй алу тоқтатыла ма?

Қазір сарапшылар ұсыныстары жан-жақты талқыланып жатыр

 Қымбат Елтайқызы 16.07.2024 | 12:45
Қазақстанда зейнетақы қорындағы жинаққа үй алу тоқтатыла ма?
фото: Halyq Uni

Зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен лайықтылығын арттыру бойынша қазақстандық сарапшылар тобының ұсыныстарын талқылау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қазақстанның зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен лайықтылығын арттыру бойынша  сарапшылар тобының ұсыныстары көпшіліктің назарына ілігіп, кеңінен талқыланып жатыр. Сарапшылар құрамына Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Болат Жәмішев, Қадыржан Дамитов, Әнуар Сәйденов, Елена Бахмутова секілді республикадағы қаржы нарығы мен жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалыптастырудың бастауында болған белгілі экономистер Гульфайрус Шайқақованың қатысуымен кірді, деп мәлімдеді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.

Сарапшылардың ұсыныстары БЖЗҚ-ның ақпараттық-талдамалық қолдауымен, ауқымды халықаралық тәжірибе мен ұзақ мерзімді экономикалық есептеулерге сүйене отырып әзірленді. Есептеулер демографиялық және өзге де деректерді, сонымен қатар бұдан бұрын британдық актуарийлермен бірлесіп әзірленген БЖЗҚ-ның жан-жақты, іріктелген актуарлық моделін пайдалана отырып жүргізілді.

Бұл ретте зейнетақы жинақтарын шешіп алу мәселелері бойынша сарапшылардың кешенді ұсыныстарының бұрмаланған түсіндірмелері және дәйексіз ақпарат жарыққа шыға бастады. Мәліметті дұрыс жеткізу мақсатында сарапшылардың негізгі ұсыныстарының қысқаша мазмұнымен, сондай-ақ, БЖЗҚ сайтындағы ілеспе материалдармен танысу ұсынылады. Материалдар БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің (ҚК) отырысында сарапшылар тобы атынан Болат Жәмішев ұсынған «Қазақстанның зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен лайықтылығын арттыру» атты таныстырылымын қамтиды, – дейді БЖЗҚ.

Сондай-ақ, сарапшылар аталған ұсыныстарға қызығушылықтың артуына байланысты және көптеген сұрақтың түсуіне байланысты өз пікірлерін бөлісуге дайын. Ол үшін сарапшылар коммуникацияны тиімді үйлестіру мақсатында сұрақтарды БЖЗҚ-ға жіберуді ұсынады.

Сараптамалық топтың негізгі ұсыныстары зейнетақы жүйесінің ағымдағы жай-күйін және ұзақ мерзімді актуарлық есептеулерді талдау, бұған қоса, халықаралық тәжірибені зерделеу негізінде әзірленгенін естеріңізге саламыз. Атап айтқанда, Қазақстанның зейнетақы жүйесі алғаш рет 2023 жылы кірген Mercer CFA Institute Pension Index (MCGPI) жаһандық зейнетақы индексінің нәтижелері, сонымен қатар, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен (ISSA) бірлесіп 2023 жылғы қыркүйекте Алматы қаласында ұйымдастырылған «Міндетті жинақтаушы және аралас зейнетақы жүйелерін дамыту перспективалары» атты жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстелде талқылау қорытындылары назарға алынды. 

Дөңгелек үстелде Дүниежүзілік банк, Халықаралық еңбек ұйымы, ISSA, OECD, IOPS, FIAP, Mercer CFA, KPMG, Allianz, Amundi және т.б. өкілдерінің, бұнымен бірге, бірқатар ел өкілдерінің, соның ішінде Аустралия, Германия, Дания, Израиль, Қытай, Сауд Арабиясы, Уругвай, Чили, Швейцария елдері өкілдерінің баяндамалары ұсынылды.

Ұсыныстардың негізгі бағыттары

Талдау мен есептеулер негізінде сарапшылар келесідей негізгі бағыттар бойынша бірқатар жүйелі шараны ұсынды:

  • мемлекеттік зейнетақының лайықтылығы және зейнетақы төлемдеріне бюджет шығыстарының тұрақтылығы;
  • зейнетақы жинақтарының лайықтылығы және жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төлемдердің өмір бойы төленуі;
  • қамтуды кеңейту, зейнетақы жарналарын төлеудің толықтығы мен жүйелілігін ынталандыру;
  • зейнетақы активтерін инвестициялық басқарудың тиімділігін арттыру.

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану мәселелері

Ең көп талқылауды тудырған тұрғын үйге және емделуге зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мәселесіне қатысты сарапшылардың ұсыныстарында қандай да бір тыйым салу жөніндегі ұсынымдар жоқ. Халықаралық тәжірибеде өзінің зейнетақы жинақтарын, ең алдымен, шұғыл медициналық мақсаттарға ішінара пайдалану мүмкіндігі бар. Бұл ретте мұндай мақсатқа пайдалану тұрақты сипатқа ие болмауы тиіс және қария шақта зейнетақымен қамтамасыз ету үшін зейнетақы жинақтарын қалыптастыру сияқты негізгі міндет көлеңкеде қалып қалмауы тиіс.

Зейнетақылардың лайықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндетті шешу шеңберінде көлемі зейнетақы төлемдерінің көлемінен асатын жинақтарды тұрақты пайдалануды ақылға қонымды түрде шектеу керек. Қазіргі уақытта пайдалану көлемі зейнетақы төлемдерінің көлемінен асты және бұл әрі қарай жалғасып жатыр. Мерзімінен бұрын алынатын төлемдер қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының төмен болуына және болашақта әлеуметтік стандарттарға сай келмейтін жеткіліксіз зейнетақыға себеп болмауы тиіс.

Сарапшылар азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын сақтауды ұсынады. Бұл ретте халықаралық зейнетақымен қамсыздандыру стандарттарына дейін кезең-кезеңімен көтерілетін, белгілі бір әлеуметтік стандарттан кем емес төлемдер мөлшерімен өмір бойғы лайықты зейнетақымен өзін қамтамасыз еткен адам осындай құқықты пайдалана алады.

Ұсыныстардың кешенділігі мен өзара байланысы

Сарапшылар енгізілген ұсыныстардың зейнетақымен қамсыздандырудың барлық құрамдауышын нығайтуға бағытталғанын, өзара байланысты екенін және кешенді түрде ескерілуге тиіс екенін атап көрсетеді. Жалпы алғанда, көп деңгейлі жүйелер әлемде ең тұрақты және әділ деп танылған. Сондықтан мемлекеттік зейнетақы мен жинақтаушы зейнетақыны бір-біріне қарсы қою түбегейлі дұрыс емес. Өйткені, бұл құрамдауыштар қарама-қайшы емес, керісінше бірін-бірі толықтырады. Көп құрамдауышты зейнетақылар тұтастай алғанда азаматтарды зейнетақымен қамсыздандырудың тұрақтылығы мен лайықтылығын қамтамасыз етеді.

Сарапшылар тобының өкілдері қазақстандық зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселелерін бұдан былай да ашық талқылауға дайын. Сұрақтар туындаған жағдайда оларды press@enpf.kz. электрондық поштасына жіберуге болады. Ақпарат сарапшыларға жіберіледі. Олар ұсыныстарды қарастыруға және жауап беруге дайын екендіктерін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама