Премьер-министр шекаралас өңірлердегі жағдайды бақылауға алуды тапсырды
Қазақстанда сұйытылған газ бағасының төмен болуы газдың ірі көлемде шектес елдерге заңсыз шығарылуына әкеп соққан. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның мәліметінше, елімізде сұйытылған газды автокөлік отыны ретінде пайдалану көлемі артып келеді. Қазақстанда оның бөлшек саудадағы бағасы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және алыс шет елдермен салыстырғанда шамамен 2 есе төмен.
Бағаның төмен болуы ірі көлемде сұйытылған газдың шектес елдерге заңсыз шығарылуына әкеп соқты. Мен бұған дейін тиісті мемлекеттік органдарға сұйытылған газдың «көлеңкелі» экспортын, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікті белгілеу арқылы жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырдым, – деді Олжас Бектенов.
Ол сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегін келтірді. Онда сұйытылған мұнай газын шетелдерге заңсыз шығарудың 14 дерегінің жолы кесілгені айтылады.
«Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, тұтыну көлемі негізсіз құбылып отырған Атырау және Абай облыстары мен бірқатар шекаралас өңірдегі жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырамын», – деді Үкімет басшысы.