Ұлттық қордың 970 млн доллары 4 айға бөліп сатылады
Ұлттық қордың 970 млн доллар қаражатына «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акциялары сатып алынатынына байланысты белгілі экономист Сапарбай Жобаев пікір білдірді. Оның айтуынша, Ұлттық қордан айына 300 млн долларға дейін сатылып отырса, бұл қалыпты жағдай, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мұның алдында теңге нығайып кеткен соң маусым-сәуір айларында бюджетке көп ақша керек болып, айына 800 млн доллардан сатты. Сондықтан ол 800 млн доллар бір экспорт жасаған сияқты болып, нарықта доллар көбейіп кетті. Кейін кәсіпорындарды доллар табысының 50%-ын сатуға мәжбүрледі. Сондықтан доллар көбейді де теңге нығайып, 1 доллар 440 теңгеге дейін түсті. Қазір енді қалыпты жағдайға келді деп есептейміз, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, жалпы кез келген мемлекет өзіндегі ұлттық компаниясының жарғылық капиталына ақша қосса болады. Мәселен, «Қазатомөнеркәсіптің» жағдайында компания ауқымын ұлғайтып бара жатыр. Оған инвестиция керек. Әдетте олар акциясын қор биржасына шығарып, инвесторларға сатады. Ал ол ұлттық компания болғаны үші н оның жарғылық капиталына мемлекет бюджетінен ақша құйылу керек.
Егер оған қытайлар не америкалықтар ақшасын салып, сатып алатын болса, солар егелік етіп кетуі мүмкін. Сондықтан оны өзіміз инвестиция жасап, нәтижесінде акционері мемлекет болып шығады, - дейді Сапарбай Жобаев.
Сайып келгенде, Ұлттық қордан биржада доллар сатылып, одан түскен ақшаны «Самұрық-Қазына» «Қазатомөнеркәсіптің» жарғылық капиталына салады. Бұлай істеуінің тағы бір себебі, сарапшының пікірінше, компанияның мемлекетке салық төлеуінде біраз мәселе туындаған.
«Ақырында сол ақша айналып келіп, «Қазатомөнеркәсіптен» бюджетке салық ретінде түсейін деп тұр. Сөйтіп, экономикада біраз теңге пайда болмақ. Нәтижесінде көп сатылғаны үшін нарықта доллар көбейіп, артынан теңге де көбейіп, бағам қалыпты жағдайға түседі. Сол себепті, нарықта анау айтқандай дүрбелең болмайды, - дейді экономист.
Еске салсақ, бүгін Ұлттық банк «Қазатомөнеркәсіп»акцияларын сатып алу туралы мәлімдеме жасады. Банк баспасөз қызметінің мәліметінше, Үкімет республикалық бюджетті қаржыландыру мақсатында Ұлттық қорға жалпы көлемі 467,4 млрд теңгеге «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алу туралы шешім қабылдаған. Осы шешімді іске асыру аясында Қор қаражатын басқарушы ретінде Ұлттық банкке Қордан шамамен 970 млн АҚШ доллары көлемінде шетел валютасын теңгеге айырбастады.