Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен Өзбекстан өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізгісі келеді

12 бірлескен жоба аясында 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылған

 Халық үні 12.07.2024 | 14:31
Қазақстан мен Өзбекстан өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізгісі келеді
Фото: Halyq Uni

Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық сауданың 57%-ы тиесілі. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 4,5 млрд долларға жетті. Бұл туралы екі елдің премьер-министрі Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов қатысқан Үкіметаралық комиссияның 21-отырысында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, 2024 жылдың 4 айында екі ел арасындағы сауда айналымы 1,2 млрд доллардан асты.

Қазір 217 млн долларға 12 бірлескен жоба жүзеге асырылып, 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.

178 млн долларға 3 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Соның бірі – Тараз қаласындағы 500 мың тонна болат өнімін шығаратын электрометаллургия зауыты.

Түркістан облысы мен Сырдария облысында ауданы 100 гектар «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Машина жасау саласында да екі ел жыл сайын электротехникалық өнім мен аккумуляторды өзара жеткізу көлемін ұлғайту бойынша ынтымақтастықты кеңейтеді.

Жүк айналымын ұлғайтуға көлік саласындағы өзара байланыстарды кеңейту, теміржол инфрақұрылымын дамыту және «тар жерлерді» жою бойынша қабылданып жатқан шаралар ықпал етеді. Осыған байланысты тараптар «Дарбаза – Мақтаарал», Алматының айналма жолы, Достық стансасы жобаларын іске асыруға қызығушылық білдірді, - деп хабарлады Қазақстан Үкіметі.

Сондай-ақ екі мемлекет аумағындағы су тарату учаскелерін цифрландыру және автоматтандыру бойынша бірлескен жұмыстар атқарылады.

Үкімет алдына екі елдің мемлекет басшылары орта мерзімді перспективада өзара тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу бойынша ауқымды міндет қойды. Бұл бағытта біз агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік өнеркәсібінде сауданы ұлғайтуға, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация деңгейін арттыруға мүдделіміз, - деді Олжас Бектенов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама