Отандық тауар өндірушілер ірі мұнай компанияларына өнімдерді тікелей сата алады
Биыл қос тарап 240 млн доллардың келісімшартына қол қойды
Атырауда мұнай-газ саласы бойынша машина құрастыруды дамыту форумы басталды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Іс-шара Энергетика министрлігі, сондай-ақ ірі мұнай-газ операторларының қолдауымен ұйымдастырылды.
Форумға Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, IMB орталығының бас директоры Әсет Мағауов, KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Әлібек Қуантыров, отандық тауар өндірушілер, «Теңізшевройл» (ТШО), North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) және Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. (КПО), Kalamkas-Khazar Operating компанияларының басшылары мен 130-ға жуық зауыт және қызмет көрсетуші компаниялар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Жиын жергілікті қамтудың үлесін арттыруды, отандық мұнай-газ жабдықтарын өндірушілерді қолдауды көздейді.
Президент пен премьер-министр жергілікті қамтуды дамытуға бағытталған бірқатар нақты міндетті жүктеді. Сондықтан қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесін ұлғайтуға, жаңа өндіріс орын ашуға ерекше назар аударылады, - деді вице-министр Әлібек Жамауов.
Форум 12 шілдеге дейін жалғасады.
Айта кетейік, биыл мамырда ТШО, КПО және NCOC сынды ірі мұнай компаниялары мен отандық өндірушілер арасында 240 млн доллар болатын келісімшартқа қол қойылған еді. Келісім аясында аталған ірі мұнай-газ операторлары елімізде шығарылған мұнай-газ жабдықтары мен тауарларды сатып алуға тиіс.