×

Ресей-Украина соғысы: Қазақстан бидай экспортын көбейтпек

Биыл Қазақстанда 13 млн тонна бидай жиналады деген болжам бар

 Дәурен Ерболат 07.06.2022 | 12:42
Ербол Қарашөкеев, министр

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бидай экспортын ұлғайту мәселесі егіс науқаны біткенде қарастырылатынын айтты.

Үкімет кулуарында Halyq Uni тілшісі министрге «Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайына байланысты Қазақстан бидай экспортын ұлғайтуды жоспарлап отыр ма?» деген сұрақ қойды.

«Биыл 13,5 миллион тонна бидай жиналады деп болжап отырмыз, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артық. Сондықтан Қазақстанның экспорты ұлғаяды деп күтіп отырмыз. Қазір біз бидайды дәстүрлі нарықтарға экспорттаймыз, ал басқа өңірлерге бидайды экспорттау логистика шығынымен байланысты. Сол себепті аман-есен бидай жинап бітірген соң, яғни егіс науқаны біткенде бұл мәселені (бидайды басқа елдерге экспорттау – мәселесі) қарастырамыз», - деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ ол Қазақстан бидайды қандай елдерге экспорттап жатқанына тоқталды.

«Бүгінде біз бидайды Орталық Азия, Иран, Ауғанстанға сатып жатырмыз. Сондай-ақ аз көлемде Еуропа елдеріне экспорттаймыз. Бидайдың қатты сорттарын Ресейге шығарып жатырмыз», - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрі биылғы астық түсіміне қатысты пікір білдірген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама