Түрік компаниясы Батыс Қазақстан облысына инвестиция құюға мүдделі
Былтыр тауар айналымы 321,5 млн доллар болды
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев «Fatinoglu» түрік холдингінің өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кездесу барысында тараптар Батыс Қазақстан облысының аумағында жаңа жоғары технологиялық өндіріс құру жобасын іске асыру аясында ынтымақтастық мүмкіндігін талқылады.
Нариман Төреғалиев облыс әкімдігі талқыланып жатқан жобаны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтіп, қазір БҚО аумағында түрік капиталын тарта отырып, 7 кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Өңірлерге инвестиция тарту мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Біздің облыс Түркия Республикасының компанияларымен белсенді ынтымақтасады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 321,5 млн доллар, экспорт 303,4 млн доллар, импорт 18 млн доллар болды. Біздің облыста жаңа жоғары технологиялық өндіріс құру жөніндегі бастамаларыңызды іске асыруға мүдделі екендігіміз сөзсіз. Біз өз тарапымыздан сіздердің идеяларыңызды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді облыс әкімі.
Ол сондай-ақ холдингтің өңірге кіруі жаңа технологияларды трансферттеу, жаңа жұмыс орындарын құру тұрғысынан келешегі мәні зор екенін, бұл жалпы аймақ экономикасына оң әсер ететінін атап өтті.
Айта кетсек, «Fatinoglu» холдингі әлемдік нарықтағы сантехника мен радиаторларды шығаратын ірі өндірушілерінің бірі ретінде Түркияның экспорттаушы компанияларының топ-рейтингіне кіреді.