Депозиттерге кепілдік беру қорының қаржысы жеке компанияларға беріле бастады
Алматыда қол қою рәсімі өтті
«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКБҚ) активтерін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру басталды, деп хабарлады Ұлттық банк.
Қаражатты беру Ұлттық банктің бағалы қағаздар нарығын дамыту және еншілес ұйымдардың активтерін басқарудан біртіндеп кету жөніндегі стратегиясы шеңберінде жүзеге асырылады, - деп жазылған хабарламада.
Алматыда бірнеше басқарушы компания өкілдерімен келісімге қол қою рәсімі өтті.
Ұлттық банк активтердің тек бір бөлігі берілгенін атап өтті. ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаев берілетін активтерді сақтау үшін барлық шара қабылданып жатқанын айтты.
Біз тәуекелдерді бағаладық және жеке компаниялар үшін инвестициялық саясатты әзірледік. Оған сәйкес Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және өтеу мерзімі 3 жылға дейінгі халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары, сондай-ақ кері РЕПО операциялары сияқты сенімді қаржы құралдарына ғана инвестиция жасалады, - деді төраға.
Ол шартта тәуекелдер туындаған кезде ҚДКБҚ үшін оны біржақты бұзу мүмкіндігі қарастырылғанын жеткізді.
Ұлттық банк Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов Қазақстан қор биржасының алаңында ҚДКБҚ активтерін индекстік басқару мақсатында мемлекеттік бағалы қағаздар индексі әзірленіп, іске қосылғанын атап өтті.
Активтерді беру отандық бағалы қағаздар нарығына елеулі серпін береді. Басқарудағы активтер көлемін ұлғайту мүмкіндігі есебінен жеке басқарушы компаниялар нарығын дамытуға, сондай-ақ басқарушылар арасында бәсекелестікті күшейту есебінен берілген активтерді басқару тиімділігін арттыруға ықпал етеді, - деді Нұржан Тұрсынханов.
Айта кетейік, бүгінде ҚДКБҚ арнайы резервінің активтерінің мөлшері 1,2 трлн теңге болды. Бастапқы кезеңде 200 млрд теңге беріледі. Активтерді одан әрі беру жеке басқарушы компаниялардың тиімділік көрсеткіштеріне байланысты кезең-кезеңімен іске асырылады.