Қонақүйлер 50,7 млрд теңгеге қызмет көрсеткен
Туристердің басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларына барған
Биыл Қазақстанда қонақүйлер мен орналастыру орындары 50,7 млрд теңгеге қызмет көрсетті, деп хабарлады Туризм индустриясы комитеті.
2024 жылғы алғашқы тоқсанда еліміздегі қонақүйлер, демалыс орындары, хостелдер және басқа да орналастыру орындары 50,7 млрд теңгеге қызмет көрсетті. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға көп. Былтыр 3 айда еліміздегі орналастыру орындарында 43,1 млрд теңгеге қызмет көрсеткен еді.
Туристердің басым бөлігі Астана, Алматы қалаларына, сондай-ақ Алматы, Ақмола және Маңғыстау облыстарына барған.
Сондай-ақ бүгінде Қазақстанда орналастыру орындарының саны 156 бірлікке көбейіп, 4004-ке жетті. Біржолғы сыйымдылық 7 мыңға өсіп, жалпы 207 мың төсек-орыннан асты. Бұл – туристерді орналастыру мүмкіндігі айтарлықтай артқанын көрсетеді.
Қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарының ұсынған қызмет көлемінің ұлғаюы Қазақстанға туристердің қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Біз еліміздегі туристік инфрақұрылымды дамытып, қонақтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуды жалғастырамыз, - деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.