Halyq Uni логотип
×

Үкімет батыс өңірлерді дамытудың шұғыл шараларын әзірлейді

Өңірдегі халық саны 3,4 млн-ға жетуі мүмкін

 Динара Амантай 04.07.2024 | 15:26
Үкімет батыс өңірлерді дамытудың шұғыл шараларын әзірлейді
Фото: primeminister.kz

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімдерінің және барлық министрлік өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, батыста халық санының тұрақты өсуі байқалып отыр. Болжамдарға сәйкес, 2030 жылға дейін ондағы халық саны 10%-ға – 3,1 млн-нан 3,4 млн адамға дейін өседі. Бұл үрдіс жаңа жұмыс орындарын құру қажеттілігін туғызады. 2024-2030 жылдар кезеңінде еңбек нарығына шамамен 138 мың адам шығады деп күтіледі. Премьер-министрдің орынбасары оларды жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша 2025 жылға дейін өңірлерді сумен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешіледі. Қазір өңірлерде кәріз-тазарту құрылыстары бойынша жобалар іске асырылып жатыр.

Вице-премьер атап өткендей, сумен қамтамасыз етуді, су бұруды, электрмен және жылумен жабдықтауды қаржыландыру, сондай-ақ өңірлерде жол салу мәселелері басым сипатқа ие болуға тиіс.

Бізге Орал және Атырау қалаларының әуежайлары үшін ашық аспан мәртебесін кеңейте отырып, рейстер санын ұлғайту қажет. Ең жоғары жүктеме кезеңінде вагондардың маусымдық тапшылығын жою, халықаралық әуежайларды, теміржол вокзалдары мен стансаларды жаңғырту қажет. Ал ауылдық жолдардың сапа деңгейін 90%-ға дейін жеткізу керек, — деді вице-премьер.

Бұған қсоа Қанат Бозымбаев батыс өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешуге ерекше назар аударуды тапсырды. Денсаулық сақтау саласында сұранысқа ие мамандар үшін тұрғын үйге жеңілдікпен несие берудің өңірлік бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.

Мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге проблемаларды жедел және сапалы шешу үшін жүйелі шаралар мен жаңа бастамалар бойынша нақты ұсыныстар беруді тапсырамын. Біз еліміздің батыс өңірінің тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту үшін бір ай ішінде шұғыл шаралар топтамасын әзірлеуіміз керек, — деді Қанат Бозымбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама