Президент еліміз техникалық мамандар даярлау мәселесіне баса мән беретінін атап өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қытайға 2 млн тонна астық жеткізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысы Қытай тарапымен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқыланғанын атап өтті.
Бұл салада табысты жүзеге асқан бірлескен жобалар бар. Егіншілікте smart жүйесін қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға, нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз. Былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылығы тауарлары 2 есе өсіп, 1 млрд долларға жетті.
Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді-дақылдар экспортын ұлғайтуға мүдделі екенімізді атап өттік. Бұл ретте Қазақстан астығын 2 млн тоннаға жеткізуге дайынбыз. Осы саладағы ықпалдастықты кеңейту шараларын қолдағаны үшін төраға Си Цзиньпинге ризашылығымды білдіремін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада.
Сондай-ақ президент еліміз техникалық мамандар даярлау мәселесіне баса мән беретінін атап өтті.
«Біз білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтып келеміз. Қазір Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам қазақ жасы білім алып жатыр. Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне баса мән береді. Оған әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Аталған саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келістік», - деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Тоқаев Қазақстан мен Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынғанын айтты.
Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды. Сапар аясында Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімге қол қойдық. Осы коммерциялық келісімдер экономикалық байланысты нығайтуға жол ашады. Біз көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне де назар аудардық. Әсіресе, Си Цзиньпин мырзаның Астанада жариялаған жаһандық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыладық, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада.
Мемлекет басшысының айтуынша, өткен жылы темір жол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 28 млн тоннаға жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
«Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазір Аягөз-Бақты үшінші трансшекаралық темір жол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Траскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу іс-шарасына бейнебайланыс режиімінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді», - деді президент.