Ескі көліктерге салынатын салық азаяды
Қаржы вице-министрі такси жүргізушілері жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей қалай салық төлейтінін айтты
Елімізде ескі көліктерге салынатын салық азаяды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Вице-министрдің айтуынша, кей көлік үшін салынатын салық екі есеге дейін қысқарады. Бұл өзгеріс жаңа Салық кодексінде айқындалған.
Жаңа Салық кодексінде көлік салығына қатысты өзгерістер бар. Пайдалану уақытына қарай салық мөлшері қайта қаралады. Көліктің шыққанына 10 жылдан асса, оған 30%-дық шегерім болады. Егер автокөліктің пайдалану мерзімі 20 жылдан асса, 50%-дан аса шегерім жасалады. Яғни, ескі көлік иелеріне осындай жеңілдік қарастырылған. Бұл – бірінші. Екіншіден, автокөлік тіркеуде болмаса немесе жоғалып кетсе, бұл міндетті түрде құқық қорғау органдары арқылы рәсімделуге тиіс. Іс қозғалып, автокөліктің жоғалып кеткені туралы анықтама болса, көлік салық базасына қосылмайды, - дейді Ержан Біржанов.
Сондай-ақ вице-министр кәсібін тұрақты түрде жүргізбейтін азаматтардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей қалай салық төлейтінін айтты.
Тіркеусіз режим такси болып қызмет ететін, жөндеу жұмыстарын жүргізетін азаматтарға қатысты болып отыр. Оларда касса аппараты болмайды, түбіртекті электронды түрде береді. Қазір платформалық жұмыспен қамтамасыз ету жобасы іске асырылып, 12 мың такси жүргізушісі сол жобаға енгізіліп жатыр. Сол жобаны енді заңдастырып отырмыз. Оларды жеке кәсіпкер ретінде тіркеудің қажеті жоқ. Олардың салық айналымын, табыс мөлшерін қосымша арқылы көре аламыз. Такси жүргізушісіне түскен тапсырыс пен түбіртектің бәрін алып отырмыз, - дейді вице-министр.