Салада шешімін таппаған мәселелер көп
Бүгінде еліміз жыл сайын сүт пен ет өнімдерін терең өңдемей, 800 млн доллардан айырылып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Сұлтан Сегізбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру серпіні тұрақты дамуды көрсетеді және өсу үрдісіне ие.
Алайда терең өңдеудің үлесі әлі де төмен болып отыр. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің үлесі еліміздің барлық өнеркәсібі өнімдерін өндірудің жалпы көлемінің небәрі 6%-ына тең.
Атап айтқанда, 2023 жылы сүтті өңдеу үлесі – 33%, етті өңдеу – 41%, жүнді өңдеу – 19%, ірі қара мал терісін өңдеу үлесі 6% болды, - деді Сұлтан Сегізбаев Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, дайын өнімнің импорты өсіп келеді. Алайда осыған қарамастан Қазақстан жыл сайын 800 млн доллардан айырылып отыр.
2023 жылы сүт өнімдері бойынша өсім 400 млн доллар болып, 20%-дан асты. Ал ет пен ет өнімдерінің импорты 408 млн долларға жетті. Осылайша, тек ет пен сүт өнімдері бойынша қайта өңдеудің нашар жүргізілуінің салдарынан біз жыл сайын 800 млн доллар жоғалтып, олар шетелдік фермерлерді қаржыландыруға кетіп жатыр, - деді депутат.
Мұның негізі себептері төмендегідей:
Мал шаруашылығының экспорты негізінен шикізат есебінен өсіп отыр. Мысалы, экспорт құрылымында жұмыртқа 30%, өңделмеген мұздатылған балық 16 мың тоннаға жуық.
Бұл осы уақытқа дейін жануарларды есепке алудың нақты және ашық жүйесінің дұрыс жолға қойылмауының салдарынан деп есептейміз. Осы саланы ретке келтіріп, заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, мал басы мен өндірілетін мал шаруашылығы өнімдері бойынша статистикалық көрсеткіштерді қалыптастырудың бірыңғай жүйесін енгізетін кез келді, - деді Сұлтан Егізбаев.