Павлодар облысында ауыл шаруашылығымен айналысатын жастарға шағын несие бөлінеді
Былтыр 172 адам кәсіпкер атанды
Павлодар облысында ауыл шаруашылығын дамытуға жастарға жалпы сомасы 820 млн теңге болатын 164 шағын несие бөлінеді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, кәсіппен айналысамын деушілерге бірнеше бағыт бойынша мемлекеттік қолдау қарастырылған.
«Бастау бизнес» жобасы бойынша оқыту курстарынан өтіп, жеке ісін бастайды. Бүгінде жоба аясында 2 мыңнан астам азамат білімдерін молайтты. Оқу курсы қайтарымсыз грант алудағы негізгі талаптардың қатарында. Болашақ кәсіпкерлер қайтарымсыз грант алу құқығына да ие. Биыл әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтарға 400-ден астам грант бөлу жоспарланған. Сараптама көрсеткендей, қолдаудың бұл түрі ауылда тұратын азаматтар арасында жоғары сұранысқа ие. Жеке ісін дөңгелеткісі келетін тұрғындар ауыл шаруашылығы саласын таңдайды.
Ал қалалық жерде қызмет көрсету саласы қарқын алады. Жас кәсіпкерлер де назардан тыс емес. Ауыл шаруашылығымен айналысамын дегендерге 7 жылға дейін несие үлестіріледі. Былтыр 172 адам кәсіпкер атанды», - деді басқарма басшысы.
Мамандардың айтуынша, шағын несиелер ірі және ұсақ қара мал өсіру үшін алынады. Мал шаруашылығын таңдаған тұрғындар несиені 7 жылдық мерзімге дейін алу мүмкіндігіне ие. Қалаларда тұратын азаматтар қоғамдық тамақтану, баспа ісі, компьютерлік клуб, дүкен ашу, көлік жөндеу қызметтерін ұсыну салаларына басымдық беріп отыр.
Айта кетейік, былтыр мемлекеттік қолдаудың көмегімен жеке ісін ашқысы келетін азаматтарға 464 грант үлестірілген. Кәсіпкерлердің 93-і – мүмкіндігі шектеулі жандар.