Заң аясында «нетто-тұтынушы» артық қуатты сата алады
Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Құжат жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған және бірқатар маңызды новелланы көздейді, - деді сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов.
Депутаттың айтуынша, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздікті қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласында мемлекеттік реттеу қағидаты заң жүзінде белгіленеді.
Сондай-ақ заңда халық, шағын және орта бизнес, шаруа және фермер қожалықтары арасында жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) технологияларын пайдалануды ынталандыру үшін қуаты 200 киловаттқа дейінгі «жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын ауқымы шағын объект» ұғымы енгізіледі.
Құжат осындай қондырғылардың иелеріне энергиямен жабдықтаушы ұйымға өндірілген артық электр энергиясын сатуға мүмкіндік береді. Ол үшін ЖЭК объектісінің иесіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Электр энергиясының шекті бағасын Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті белгілейді.
Сондай-ақ «нетто-тұтынушы» ұғымы нақтыланады – жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын ауқымы шағын объектіден электр энергиясын және (немесе) жылу энергиясын өзінің толық немесе ішінара тұтынуын қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлға.
Заң шеңберінде нетто-тұтынушыларға электр энергиясын немесе жылу энергиясын өндіру немесе ЖЭК объектісі өндірген электр энергиясын сату жөніндегі қызметті іске асыруға байланысты жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеу құқығы беріледі.
Сонымен қатар энергиямен жабдықтаушы ұйымның нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу жөніндегі міндеттемелері, сондай-ақ энергия беруші ұйымдардың нетто-тұтынушыларды электр желілеріне қосу жөніндегі міндеттемелері заңнамалық деңгейде бекітіледі.
Нетто-тұтынушыларды электр энергиясын бергені үшін төлемнен босату көзделеді, сондай-ақ шағын гидроэлектр станцияларына (10 МВт дейін) электр энергиясын шекті тариф бойынша сату құқығы беріледі.
Заңда жылумен жабдықтау жүйелерін және коммуналдық меншіктегі өңірлік электр желілік компаниялардың электр желілерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды бюджет қаражаты есебінен кредиттеу көзделеді.
Бүгінде елімізде өңірлік электр желілік компаниялардың (ӨЭК) техникалық жабдықтарының тозуы – 70-80%. Сондықтан коммуналдық меншіктегі ӨЭК-ға қарыз 20 жылға ең төменгі пайызбен беріледі. Коммерциялық ӨЭК-ге кредитті 7%-бен Қазақстанның даму банкі береді.