×

Байханов ресейлік арзан сүттердің отандық өнім сатылымына кедергі болып тұрғанын айтты

Өңірде 140 мыңнан аса кәсіпкер бар

 Дәурен Ерболат 04.06.2024 | 15:11
Фото: Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі/ Валерий Бугаев

Ресейдің арзан сүт өнімдері қазақстандық кәсіпкерлерге кедергі келтіріп жатыр. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов айтты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Павлодардағы Достық үйінде өңір басшысы «Атамекен» ҰКП-ның төрағасы Райымбек Баталов және кәсіпкерлермен кездесті. Жиында бизнестегі өзекті мәселелер талқыланды.

Асайын Байхановтың айтуынша, облыста 140 мыңнан аса адам шағын және орта бизнесте, тағы 80 мың адам өнеркәсіпте еңбек етіп жүр. Облыс әкімі салада шешімін таппаған мәселелер барын ашық айтты.

Павлодар облысы шекараға жақын орналасқан өңір саналады. Біз импорттық өнімдердің отандық тауарларды нарықтан ығыстырмауына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазір Ресейден жеткізілетін арзан сүт өнімдерінің күрт өсуіне байланысты жергілікті сүт өндірушілердің өнімдерін сатуда қиындық туындады. Бұл жергілікті мәселе емес, барлық шекаралас аймақтарға әсерін тигізеді. Мәселе кешенді шешімдерді, оның ішінде Үкіметпен бірқатар негізгі аспектіні пысықтауды талап етеді. Қазір біз бұл мәселемен белсенді түрде айналысып жатырмыз, - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ Райымбек Баталов қолайлы бизнес-климат құру маңызды екенін атап өтті.

Біз үшін өзекті мәселелерді өздеріңізден естіп, ұсыныс жинау маңызды. Бүгінде шағын және микробизнес өкілдерін тыңдап, оларға қолдау көрсетуіміз керек, - деді төраға.

Кездесуде көтерілген мәселелерді Павлодар облысының әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП сарапшылары қарауға алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама