Онда қаңырап тұрған бос үйлер азайған
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қарағанды облысы Саран қаласының жандана бастағанын мәлімдеді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, Павлодар облысының Екібастұз қаласында Railways Systems KZ компаниялар тобы теміржол машинасын жасау саласындағы ең заманауи жабдықтарды өндірудің жетінші желісінің құрылысына кіріскен. Бұған дейін кәсіпорын Екібастұзда теміржол саласы үшін 6 өнім түрін шығарған.
Сондай-ақ Саранда бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар (РТБ) зауытының негізінде бірқатар өндіріс құрылған. Олардың арасында сынақ режимінде өнім шығара бастаған шина зауыты да бар. Мұндай өнім елімізде 2000 жылдан бері шықпаған. Биыл кәсіпорын 1 млн шина шығаруды жоспарлап отыр.
Роман Скляр өңдеуші өнеркәсіптің дамуы еліміздің экономикасы үшін маңызды екенін жеткізді.
Бұл моноқалалардың өміріне де өзгерістер енгізіп жатыр. Мен Екібастұзды бекерге мысалға келтірген жоқпын. Бүгінде онда ірі машина жасау кластері дамып келеді және теміржол машинасын жасау өнімдерінің 72%-ы өндіріледі. Маусымда ГРЭС-1 алаңының жанындағы ең ірі ферроқорытпа зауыты өз жұмысын бастайды, - деді ол.
Вице-премьер Саран қаласында бұрынғы РТБ зауытының базасында жаңа кәсіпорындар салынғанын да атап өтті.
Мысалы, шина зауыты, шағын торапты құрастыру әдісімен автобустар шығаратын QazTehna, тұрмыстық техника шығаратын зауыт бар. Сонымен қатар түзу дәнекерленген құбырлар шығаратын кәсіпорын салынып жатыр. Қазірдің өзінде моноқаланың өзі жаңа өмірге қалай бейімделіп, түрленіп жатқанын көруге болады, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның пікірінше, бүгінде қала жандана бастаған.
Бұрын тұрғындар тастап кеткен үйлер енді бос емес, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкімет бұл бағыттағы жұмысты жалғастырады. Жергілікті қамту үлесін арттыру және инвестиция тарту жастар үшін жоғары өнім өндіретін, жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл – басты міндет. Экспорттық әлеуетті арттыру, импортты алмастыру, бюджетке түсетін салықтар, жұмыс орындарының ашылуы жүйелі түрде іске аспақ, - деп атап өтті Роман Скляр.