×

Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы түсіп жатыр – Үкімет

 Вице-премьер қажетті көлемде жаңа өнім жеткізуді жеделдетуді тапсырды

 Динара Амантай 27.05.2024 | 13:45
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы түсіп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуі 0,2%-ға дейін баяулаған. Өткен аптада көрсеткіш 0,1% болды.

25 мамырда вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кезекті кеңесте әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қазіргі бағасына қатысты мәселе қаралды.

Бір аптада қырыққабат бірден 10,4%-ға арзандады. Оған Түркістан облысында жаңа өнім алу әсер еткен. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, қырыққабатты сатып алуға сауда желілері қосылып, ішкі нарық жаппай толығып жатыр. Күнбағыс майы (-0,6%), қарақұмық жармасы (-0,4%), С1 санатындағы тауық жұмыртқасы (-1,4%) бағасының төмендеуі жалғасып жатыр. Сонымен қатар «төмен бағалар» тобында сүзбе (-0,2%), тауық еті (-0,2%), майлылығы 2,5% айран (-0,4%), тұз (-0,1%) және 1-сұрыпты бидай ұны (-0,1%) бар, – делінген хабарламада.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан тұрақтандыру қорларындағы көкөніс қорларының көлемі бойынша деректер айтылды. Өңірлерге күзгі өнімді келесі маусымаралық кезеңге жеткізуге форвардтық шарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.

Серік Жұманғарин өңірлерге алдағы апта ішінде бағаны тұрақтандыруды қамтамасыз етуді және қажетті көлемде жаңа өнім жеткізуді жеделдетуді тапсырды.
 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама