Экономикамыз тау-кен және мұнай саласына, шикізатқа тәуелді – Сенат спикері
Мәулен Әшімбаев өңдеуші секторда білікті мамандар жетіспейтінін айтты
Қазақстан экономикасы әлі тау-кен және мұнай саласына, шикізат бағасына және төмен деңгейде өңделген тауарлар экспортына тәуелді. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенатта «Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Қазақстанда экономиканың өңдеуші секторын дамыту» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау өтіп жатыр.
Палата төрағасының айтуынша, салада кадр мәселесі әлі де өзекті.
Қазір өңдеуші секторда шамамен 613 мың адам жұмыс істейді (жұмыспен қамтылғандардың 6,7%-ы). Соңғы 10 жылда саладағы жұмысшылар саны небәрі 10% өсті. Көптеген бағыт бойынша білікті мамандар жетіспейді. Қазір тиісті құрылымдар тарапынан шешімдер қабылданып жатқанын білеміз. Бұл жұмысты күшейту керек, - деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев өңдеуші кәсіпорындарға берілетін кредит пайызы өте жоғары екенін және бұл саланың дамуына кері әсер етіп отырғанын атап өтті.
«Саладағы көптеген адамды толғандыратын тағы бір өзекті мәселенің бірі – қаржыландыруға қол жеткізу. Қазір қаржы нарығындағы кредиттеу мөлшерлемесі 22%-ға дейін жетеді. Бұл субсидия бөлінуіне қарамастан өңдеуші сектордағы кәсіпорындардың дамуына кері әсер етеді. 2022 жылдың басынан биыл сәуірге дейін банктердің жалпы бизнесті несиелендірудегі үлесі 51%-дан 43%-ға дейін, ал өңдеуші өнеркәсіпті несиелеу 14%-дан 12%-ға дейін төмендеді», - деді Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаев қазіргі Қазақстан экономикасының дамуына көңілі толмайтынын ашық айтты.
«Ел экономикасына әлі де болса тау-кен және мұнай саласына, шикізат бағасына және төмен деңгейде өңделген тауарлар экспортына тәуелді болып отырғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы осыған байланысты алдағы ауқымды мінденттерді белгілеп берді. Соны ескеріп, экономиканың өңдеуші секторын дамытуға арналған тың және тиімді шешімдер қажет деп есептейміз. Бұл бағытта сенаторлар өз тарапынан заңнамалық тұрғыдан тиісті қолдау көрсетіп, белсенді жұмыс істеуге дайын», - деп сөзін түйіндеді ол.