Көршілес елдерде соттағы аудармашылар сағатына 7,5 мың теңге алады
Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов соттағы аудармашылар сағатына 369 теңге алып жүргенін айтып, олардың жалақысын көтеруді ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.
Сот төрелігіне қол жеткізу құқығы – іргелі халықаралық стандарттардың бірі, әр азаматтың конституциялық құқығы. Конституцияға сәйкес әркім сот арқылы қорғалуына құқылы және сот алдында бәрі тең. Қазақстан қолданыстағы заңнамасы сот өндірісі бойынша кез келген азаматтың іс жүргізілетін тілді білмесе немесе жеткіліксіз меңгермеген жағдайда аудармашы қызметін тегін пайдалану құқығымен қамтамасыз етеді. Яғни, сот отырысындағы аудармашы сот процесінің қатысушысы және істі қарау үшін маңызды ақпараттың дәлдігі аударманың сапасына тікелей байланысты, - деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Депутат қазір соттағы аудармашылардың жалақысы мардымсыз екенін атап өтті.
«Сот төрелігінің әділдігі, тараптардың теңдігі аудармашының кәсіби біліктілігіне байланысты болса, білікті маманды тарту оның өтемақысына тәуелді. Қазір азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төлем Үкіметтің 1992 жылғы қаулысы негізінде жүргізіледі. Оған сәйкес 1 бетті аударғаны немесе 1 сағат жұмысы үшін 369 теңге төленеді. Егер процесс жарты сағатқа созылса, онда төлем осы соманың жартысын тең болады – 180 теңге. Нарықта 1 парақ мәтіннің, 1 сағаттың аударма жұмысы 5 мың теңгеден жоғары бағаланады. Ал синхронды аударма құны 10 мың теңгеден басталады. Жақында өткен қоғамдық резонанс тудырған іс бойынша аударма қызметінің сапасы қандай екеніне куә болдық», - деді депутат.
Нұрсұлтан Байтілесов жалақының төмен болуына байланысты аудармашылар сотта жұмыс істеуден бас тартатынын айтты.
Салдарынан сот процестері кешіктіріліп, хатшылар басқа аудармашыларды іздеп, оларға жалынуға тура келеді. Тіпті, жол шығындарын өтеуге жетпейтін қаражатпен еліміздің соттары азаматтарды аудармашымен қалай қамтамасыз етпек?! Көршілес елдерді алсақ, сот аудармашыларының бір сағаттық жұмыс ақысы 7 500 теңгеден басталады. Бұл еліміздегі соттардағы аудармашылардың өтемақысынан 20 есе көп.
Құзырлы орган ретінде Қазақстанның сот әкімшілігі бюджеттен қосымша қаражат талап етпестен, өз қаражаты есебінен аудармашылардың қолданыстағы өтемақы мөлшерін көтеруге бірнеше рет ұсыныс жасалды. Алайда Үкімет тарапынан бұл мәселе қолдау таппай келеді, - деді депутат.
Соған байланысты депутат аудармашылардың жалақысын көтеру маңызды екенін және нарық заманында өтемақыны қайта қарауды ұсынды.