Halyq Uni логотип
×

Премьер-министр: «Шикізаттық емес экспорт көлемін арттырудың маңызы зор»

Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді

 Дастан Жұмабекұлы 21.05.2024 | 12:17
Премьер-министр: «Шикізаттық емес экспорт көлемін арттырудың маңызы зор»
Фото: gov.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелері қаралды, деп хабарлады primeminister.kz.

Шикізаттық емес экспорт көлемін арттыру – Қазақстан экономикасын әртараптандырудың негізгі факторларының бірі. Үкімет отырысында осы бағытта атқарылып жатқан шаралар туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндады.

2023 жылдың қорытындысына сәйкес, шикізаттық емес экспорт бойынша мақсатты көрсеткішке жетті. 3%-ға асыра орындалды. Экспорттық позициялардың саны 278-ге артты.

2019 жылдан бері тұрақты белсенді экспорттаушылар саны 300 компанияға: 460-тан 760-қа дейін өсті.

Өткен жылы шикізаттық емес тауарлардың экспорт географиясы 135 елге дейін кеңейді. Азия елдеріне дайын өнімдерді жеткізу көлемі артты: Қытайға – 8%, Оңтүстік Кореяға – 26%, Вьетнамға – 46%. Сонымен қатар АӨК өңделген өнімдерін жеткізудің нақты көлемі: ұн 1,1%-ға, күнбағыс майы 55,5%-дан астам, сусындар 42,8%-ға өсті.

Сауда министрлігі экспортты одан әрі арттыру үшін негізгі бағыттарды анықтады. Ең алдымен, орта мерзімді перспективада Қытайға жіберілетін дайын өнім экспортын 2,5 есеге кеңейту және 12,5 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты қойылды.

ЕАЭО және Орталық Азия елдерімен тауар айналымын арттыру бойынша күшейтілген жұмыс жалғасады. Ол үшін шекара маңындағы сауданың қажетті инфрақұрылымы құрылады.

Таяу Шығыс елдерінде сұранысы жоғары тоңазытылған қой еті, құс еті және субөнімдер сияқты жоғары маржалық тауарларды жеткізуді ұлғайту пысықталуда.

Қазақстандық азық-түлік және органикалық өнімдерді сатып алуға дайын Еуропалық Одақтың жоғары бәсекеге қабілетті нарықтары да басым бағыт болып саналады. 

Отандық экспорттаушыларды дайындау үшін Сауда және интеграция министрлігі нарықтың кәсіби қатысушыларымен бірлесіп, тауашалық сауда ағындарын құрылымдайтын «QazTrade» АҚ базасында сауда акселераторы іске қосады. Жалпы, аталған институт базасында жыл сайын 450-ден астам компания қолданатын сервистік шаралар шоғырланған.

Осы және басқа да кешенді шараларды іске асыру белсенді экспорттаушылар санын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Премьер-министр биыл Үкімет биыл жоғары көрсеткішті, яғни  экспорт деңгейін 37,7 млрд долларға дейін қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңделген өнімдер мен қызметтер экспортының көлемі 41 млрд долларға дейін жетуі тиіс.

Біз бұдан да биік мақсаттар қойып, аталған жоспарларды асыра орындауға тырысуымыз керек. Бұл жұмысқа барлық мүдделі министрліктер, әкімдіктер, әсіресе бизнес белсенді атсалысуға тиіс. Шикізаттық емес экспортты дамытуда жоғары деңгейде өңделген тауарлар экспортына баса мән беруіміз керек. Егер мұқият қарайтын болсақ, қызмет көрсету экспортының көлемі орнықты өсіп келеді – былтыр шамамен 30%-ға өсті, ал шикізаттық емес тауарлардың экспорты былтыр керісінше 5,7%-ға төмендеп кеткен. Тауарлардың импорты 21,5%-ға артқан. Көріп отырғандай, айырмашылық 2 еседен асады, бұл сауда балансына теріс әсер етеді. Сондықтан жоғары деңгейде өңделген тауарлардың өндірісі мен экспортын ұлғайту қажет. Ол үшін перспектива мен мүмкіндік жеткілікті. Отандық өндірушілер мен экспорттаушыларға белсенді қолдау көрсетуіміз керек, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Премьер-министр экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға Консультациялық қызметтер көрсету, ақпараттық сүйемелдеу және жаңа нарықтарға шығуға көмек көрсету арқылы экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдауды күшейтудің маңызды екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда экспорттаушыларды қолдаудың 20-дан астам құралы – сақтандыру, қаржылық және сервистік құралдар жұмыс істейді.

Отандық өнімді өткізу нарығын кеңейту және оны шетелде экспортты барынша тиімді ұсына білу қажеттілігі атап өтілді. Осы мәселеге байланысты кейбір серіктес елдерге сауда өкілдері жіберілуде. Алайда бұл жұмыс баяу жүріп жатыр және оны барынша күшейту қажет.

Олжас Бектенов ҚХР Мемлекеттік Кеңесі премьердің орынбасарымен Қытаймен сауда қатынастарын кеңейту туралы соңғы уағдаластықтарды еске салды. Үкімет басшысы бұл бағыттың перспективасы жоғары екенін атап өтіп, Сауда, Сыртқы істер және Қаржы министрліктеріне 1-ші шілдеге дейін Бейжіңге сауда өкілдерін жіберуді және Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында сауда өкілдігін ашуға толық әзірлікті қамтамасыз етудіді тапсырды.

Орташа және жоғары деңгейде өңделген тауарлар экспортын қолдауға баса назар аудару қажет. Ол үшін экспортты қолдаудың қолданыстағы бағдарламаларын күшейтудің, инновацияларды ынталандыру мен өндірістерді кеңейтудің маңызы зор. Мұнда отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларының рөлі маңызды болуға тиіс, бұл шаралар қазір пысықталып жатыр. Жалпы бізге сауда саясатында тың әрі батыл тәсілдер қажет, – деп түйіндеді сөзін Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы мәселені қарау қорытындысына сәйкес, мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді:

Сыртқы істер және Өнеркәсіп министрліктерімен, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірге бір ай мерзімде қазақстандық тауарлар экспортының нарықтарын әртараптандыру мәселесін пысықтасын, ал биылғы 1-ші тамызға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін одан әрі ұлғайту жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын енгізу.

Экспортқа бағдарланған елдерде импорттаушыларға қойылатын талаптарға ұдайы мониторинг жүргізіп, өз кәсіпкерлерімізді жүйелі түрде уақтылы хабардар етіп тұру қажет. 

Мүдделі мемлекеттік органдармен бірге экспорттаушылар үшін кедергілерді азайту, әсіресе ел ішінде және шетелдерде әкімшілік және кедендік рәсімдерді оңайлату мен цифрландыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізу.

Көлік министрлігі шикізаттық емес тауарларды тиімді экспорттау үшін қажетті көлік-логистикалық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіруі қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама