Қаржы вице-министрі Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға қалай әсер еткенін айтты
Мәжілісте былтырғы бюджеттің есебі талқыланып жатыр
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков әлемде геосаяси жағдай ушыққанын, Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға да әсер еткенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжіліс депутаттары «2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы» туралы Үкімет есебін тыңдап жатыр.
Дәурен Темірбеков өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджет түсімі 19,3 трлн теңге, бюджет шығысы 22,4 трлн теңге, ал бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңге болғанын атап өтті.
«Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 99,9%-ға орындалды немесе бюджетке 19 трлн теңге түскен. Оның ішінде, республикалық бюджеттің меншікті кірістері (трансферттерді есептемегенде) 14,5 трлн теңгені немесе 2023 жылға арналған жоспарға 99,3% (2023 жылға арналған жоспар – 14,6 трлн теңге) болды. Жоспар 101 млрд теңгеге орындалмады. Республикалық бюджет кірісі құрылымында шамамен 89%-ын салық түсімдері алады. Олар бойынша жоспар 90,4% орындалды: жоспарда 14,3 трлн теңге, бюджетке 12,9 трлн теңге түсті», - деді вице-министр.
Жоспар негізінен келесі салық есебінен орындалмаған:
- Корпоративтік табыс салығы (1 трлн 76 млрд теңге);
- Импортқа қосылған құн салығы (415 млрд теңге);
- Пайдалы қазбаларды өндіру салығы (209 млрд теңге);
- Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы (118 млрд теңге).
Министр орынбасары Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға да әсер еткенін айтып, бюджет жоспары толық орындалмауына әсер еткен негізгі факторларды атады.
- 2023 жылы негізгі экспорттық тауарлар бағасының 2022 жылмен салыстырғанда орташа есеппен 11,3% (алюминий – 16,8%, мырыш – 24%, қорғасын – 0,8%, мыс – 3,8%) төмендеуі;
- Геосаяси жағдайға байланысты өндіру, өндіріс, жеткізу көлемінің қысқаруы және логистикалық шығындардың ұлғаюы себептері бойынша бірқатар ірі кәсіпорын (Мысалы, ССТӨБ, Қазмырыш, QARMET) кірістерінің азаюы;
- 2023 жылы болжамды көрсеткіштен нақты қалыптасқан экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің 6,9% төмендеуі (нақтыланған болжамда 85 доллар, ал іс жүзінде 2023 жылы 1 тонна үшін орташа есеппен 79,1 доллар), сондай-ақ теңге бағамының жоспарланған 470-тен 1 доллар үшін 456,2 теңгеге дейін төмендеуі;
- Логистика проблемалары мен Ресейге қарсы салынған санкциялар себебінен Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен импорт көлемінің (Ұлттық статистика бюросы сайтының алдын ала деректері бойынша) 9,3% немесе 1 млрд 791,4 млн доллардан төмен (2022 жылғы импорт көлемі – 19,3 млн долларға жуық, 2023 жылы – шамамен 17,5 млн доллар) азаюы. Оның ішінде Ресеймен арадағы импорт 9,4% немесе 1 688,5 млн долларға (2022 жылы импорт көлемі – 17 880,6 млн доллар, 2023 жылы – 16 192,2 млн доллар) және Беларусьпен арадағы импорт көлемі 16,4% немесе 148,8 млн долларға төмендеген (2022 жылғы импорт көлемі – 905,5 млн доллар, 2023 жылы – 756,7 млн доллар).
Сондай-ақ 2023 жылы бизнеске 430 млрд теңге сомасында (2022 жылы 858,4 млрд теңге қайтарылған) қосылған құн салығы қайтарылды.