Жеңілдетілген автонесие бойынша қанша қазақстандық көлік алды?

Дәурен Ерболат

Аталған бағдарлама биыл 16 мамырда іске қосылған

Фото: ptzgovorit.ru

Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бойынша тұрғындар 1600-ден аса көлік алды, деп хабарлайды ranking.kz.

Тек мамырдың соңғы аптасында (24-31 мамырға дейін) бағдарлама аясында қабылданған өтінімдер саны 48,4% өсіп, мамырдың қорытындысы бойынша 24,08 мыңға жетті.

Мақұлданған өтінімдер саны бірден 80,2% артып, 9,79 мыңға дейін өскен. Осылайша, 10 мыңға жуық қазақстандықтың жаңа көлік алуға мүмкіндігі бар. Мақұлданған өтінімдер бір аптада 79,1% өсіп, 72,3 миллард теңгеге жетті. Мамырда 1 441 көлік өз иесін тапты.

Сондай-ақ 1 маусымның қорытындысы бойынша 24,19 мың өтінім қабылданды, оның ішінде 9,84 мың өтінім мақұлданды, қаржыландыру сомасы – 72,7 миллиард теңге. Бағдарлама аясында жалпы қазақстандықтарға 1618 автомобиль берілді.

Айта кетейік, жеңілдетілген автокредит бағдарламасына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жетекшілік етеді.  Оны іске асыру үшін "Жасыл Даму" АҚ 100 миллиард теңгені өнеркәсіпті дамыту қорына бөлді.

Бағдарламаға өтінімдерді ЦентрКредит банк, Еуразиялық банк, Halyk Bank және ForteBank қабылдайды.

Жеңілдетілген автокредиттің шарттары:

  • сыйақы мөлшерлемесі – 4%;
  • кредиттеу сомасы – 10 млн теңгеге дейін;
  • қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін;
  • бастапқы жарна – 0 бастап%;
  • көліктің құны – 15 млн теңгеге дейін.

Қазақстандықтар аталған бағдарламаның көмегімен елде құрастырылған Chevrolet, JАС, Kia, Hyundai тағы басқа көліктерді ала алады.

Жеңілдетілген автокредитке берілген көліктер саны бойынша Алматы (307 автомобиль), Нұр-Сұлтан (178 автомобиль) және Шымкент (149 автомобиль) қалалары көшбасында. Өңірлер арасында Шығыс Қазақстан (120 көлік), Қостанай (114 көлік), Түркістан (103 көлік) және Қарағанды (102 көлік) облыстары үздік көрсеткішке ие.