×

Көктемгі егіс жұмыстарына 580 млрд теңге бөлінеді

Бұл - алдыңғы жылдармен салыстырғанда 3 есе көп

 Дастан Жұмабекұлы 15.05.2024 | 10:32
Фото: baraev.kz

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген қаржыландыруды бөлу мәселелері қаралды, деп хабарлады Primeminister.kz.

Талқылауға Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ пен «Бәйтерек» холдингінің басшылығы қатысты.

Азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алуы үшін 40 млрд теңге, «Кең дала-1» бағдарламасы бойынша 140 млрд теңге бөлінді (147,3 млрд теңгеге өтінімдер келіп түсті, 121,3 млрд теңге берілді). «Кең дала-2» бойынша қазірдің өзінде 22,5 млрд теңгеге 295 өтінім қабылданса, оның 81-і жалпы 3,6 млрд теңгеге мақұлданған.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы өндірушілері тарапынан «Кең дала-2» бойынша жеңілдікті қаражат бөлу кезінде АКК тарапынан асыра көтерілген талаптарға өтініштер түседі. Олардың қатарында соңғы 3 жыл ішінде егілген алқаптар мен егістер туралы мәліметтерді растау, меншігінде не уақытша өтеулі пайдалану құқығында егіс алқаптарының болуы, ауыл шаруашылығы қызметінің 3 жылдық тәжірибесі, артық ылғалдан сақтандыру және басқа да өтініштер бар. 

Көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін ақша еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі және әрбір сұранысына жеке-жеке қарау керек. Жақын арада Үкімет резервінен және жергілікті бюджеттерден пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін 100 млрд теңге бөлінетін болады. Бұл көктемгі егіс жұмыстарына ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жылдық 5%-бен қосымша 400 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді. Фермерлер бұл қаражатты кідіріссіз алуы керек, – деді Серік Жұманғарин.

2024 жылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландырудың жалпы көлемі – 580 млрд теңге. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда 3 есе көп.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама