Митталдың орнын басқан жаңа инвестор Qarmet-ке 3,5 млрд доллар қаржы салды ма – министр жауабы
Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша нәтиже бар
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Qarmet АҚ-ның жаңа инвесторы Андрей Лаврентьев уәдесін орындап жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Анас Баққожаев ArcelorMittal АҚ-ның (қазіргі Qarmet) өзгергеніне бүкіл халық қуанғанын еске салды.
Себебі, ол – экономикамызға айтарлықтай ықпал ететін кәсіпорын. Енді Лакшми Миттал мырза (бұрынғы ArcelorMittal компаниясының басқарма төрағасы – бас атқарушы директоры) рәсуасын шығарып кетті. Жаңа инвестор Андрей Лаврентьев пайда болды. Ол кәсіпорынға 3,5 млрд доллар құямын деді. 2024 жылы 1,13 млрд доллар салатын болды. Міне, мамыр жетті. Биыл ақша салына ма? Қандай міндеттер бекітілді? Ақша түссе, Андрей Лаврентьев нені бірінші қолға алады? Біз осы мәселеге алаңдап отырмыз, - деді депутат.
Қанат Шарлапаев қомақты қаржы бөлінгенін, жұмыс істеліп жатқанын айтты.
Қарағандыдағы темір өндіретін кәсіпорында (Qarmet АҚ-да) 30 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Бұл – экономикаға нақты әсер ететін кәсіпорын. Ең алдымен (Qarmet АҚ директорлар кеңесінің төрағасы) Андрей Лаврентьев 33,5 млрд теңге инвестиция саламын деп уәде берді. Бұл қаржыны қайда бағыттаймыз?
Біріншіден, экология. Мысалы, қазір ондағы домна пеші тек көмірмен жұмыс істейді. Оны газға айырбастауға болады. 2025 жылы осы жұмысты аяқтаймыз. Бұл экологияға жақсы әсер етеді. Себебі көмірді пайдалану азаяды.
Екіншіден, қазір (кәсіпорында) тауардың линейкасы өте аз. Оны арттыруымыз керек. Сондықтан инвестиция осы мақсатқа бағытталады.
Үшіншіден, бүгінде біз болаттың арнайы маркасын басқа елдерден экспорттап жатырмыз. Келешекте Qarmet осы болатты өзі өндіреді.
Осындай жоспарымыз бар. Қаржы осы бағытқа құйылады», - деді министр.
Сондай-ақ ол кәсіпорындағы еңбек жағдайы жақсарғанын жеткізді.
«Біріншіден, шахтерлердің жалақысы көтерілді. Екіншіден, қазір өндірілетін өнімнің көлемі өсіп жатыр. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша өнімнің көлемі артты. Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша нәтиже бар», - деді Қанат Шарлапаев.