Шешім отандық диқандарға ауыр тиюі ықтимал
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров ЕуроОдақ Қазақстан астығына баж салығын енгізуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, еуропалық фермерлердің наразылығы жалғасып жатқанда ЕуроОдақ Ресей мен Беларусьтен келетін астық импортына баж салығын енгізуге дайындалып жатыр.
Астыққа метрикалық тоннасына 95 еуро (42 599 теңге, 1 еуро – 473,32 теңге), сондай-ақ майлы дақылдар мен олардың өнімдеріне 50% баж салығын салу көзделген. Бұл Қазақстанға да қауіп төндіреді. Себебі, біз Ресей аумағы арқылы Еуропа елдеріне астық және оның өңделген өнімдерін экспорттаймыз, - деді Айдарбек Қожаназаров.
Депутат мәселенің күрделі екенін ескеріп, мемлекеттік органдарға сауал жолдағанын жеткізді.
Отандық астық пен оның өңделген өнімдерін экспорттау үшін еуропалық нарықтың маңызын ескеріп, Ауыл шаруашылығы және Сауда министрліктеріне сауал жолдадым. Бұл Еуропалық Одақтағы уәкілетті органнан түсінік алып, қажет болған жағдайда қазақстандық астыққа импорттық баж салығы салынбауы үшін дер кезінде шаралар қабылдануы үшін жасалды, - деді ол.
Айдарбек Қожаназаровтың пікірінше, ЕуроОдақтың Қазақстан астығына баж салығын салу туралы шешімі диқандарға ауыр тиеді.
Мұндай көлемдегі баж салығы енгізілсе, отандық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер Еуропа елдеріне астық экспортын толық тоқтатуы мүмкін және Еуропадағы дәстүрлі нарықты жоғалту қаупі бар. Ал ішкі нарықта астықтың артық болуы астық бағасының құнсыздануына ықпал етеді. Бұл көршілес елдерден келетін импортты есептегенде демпингке алып келеді, - деп түйіндеді сөзін депутат.
Айта кетейік, Financial Times басылымының мәліметінше, Еуропалық Одақ Ресей мен Беларусь астығына баж салығын енгізуге дайындалып жатыр. Бұл РФ-ның Украинаға басып кіруінен кейін азық-түлік өнімдерінің импортына жасалған алғашқы шектеу болады.