Биыл ҚР-да 60 млрд текше метр газ өндірілмек

Динара Амантай

Соңғы жылдары елімізде газ өндіру тұрақты өсіп келе жатыр

Фото: Halyq Uni

2024 жылы елімізде 60 млрд текше метр газ өндіру жоспарланып отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ҚР «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңына сәйкес, Энергетика министрлігі «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, 2030 жылға дейін газдың болжамды балансын қалыптастырды. Қазақстанда газ өндірудің 85%-дан астамын Теңіз (27%), Қарашығанақ (38%) және Қашаған (20%) жобалары қамтамасыз етеді.

2023 жылы Қазақстан Республикасының газ өндірісі 59,063 млрд текше метр болды. Оның ішінде Теңіздің ірі кен орындары – 16,009 млрд текше метр, Қарашығанақ – 22,385 млрд текше метр, Қашаған – 11,856 млрд текше метр және басқа кен орындары – 8,813 млрд текше метр.

Газ саласының даму қарқыны соңғы жылдары елімізде газ өндіру тұрақты өсіп келе жатқандығымен расталып отыр. Осылайша, газдың болжамды балансына сәйкес, 2024 жылы елімізде газ өндіру 60,456 млрд текше метрге дейін өсуі күтіледі.

2024 жылға арналған тауарлық газ өндіру жоспары – 28,054 млрд текше метр. Газдың болжамды балансына сәйкес 2024 жылы ағымдағы ішкі тұтыну 20,9 млрд текше метр болды.