Қазақстан Беларусьпен сауда-экономикалық байланысты нығайтпақ
Екі мемлекет арасында сенімді байланыс орнаған
Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысу үшін Беларусь Республикасына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Үкімет басшысының орынбасары Минскіде Беларусь Сыртқы істер министрі Сергей Алейникпен келіссөз жүргізді. Қос тарап саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективасын талқылады.
Беларусь – Қазақстанның маңызды, уақытпен тексерілген стратегиялық серіктесі. Елдеріміз арасында тығыз жан-жақты байланыс орнатылған. Біз достас Беларусьтің жетістіктеріне шын жүректен қуанамыз және тұрақты, үдемелі дамуына мүдделіміз, - деді Мұрат Нұртілеу.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ машина жасау, құрылыс және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру барысы да қаралды.
Қазақстан мен Беларусь арасында көп деңгейлі сенімді диалог сақталған. Ол дәйекті түрде жаңа мазмұнмен толтырылып тұрады, - деді Сергей Алейник.
Сонымен қатар қос елдің министрі халықаралық және өңірлік күн тәртібі мәселелері бойынша, оның ішінде Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық бірлестік желісі бойынша «сағат теңестірерді».
БҰҰ, ҰҚШҰ, ЕАЭО, ТМД және басқа да халықаралық құрылымдар шеңберінде одан әрі өзара іс-қимыл жасау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Мұрат Нұртілеу мен Сергей Алейник жоғары және аса жоғары деңгейдегі алдағы іс-шаралар кестесін де қарастырды.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.