×

Қоғамдық ұйым Ақпарат министрлігінің тендерінен бірқатар кемшілік тапты

Тендердегі олқылықтар азаяр емес

 Айнұр Шошаева 01.06.2022 | 17:25
коллаж: Halyq Uni

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік сатып алу порталына орналастырған 1,1 млрд теңгенің тендерінде бірқатар кемшілік жіберген. Мемлекеттік сатып алудағы кемшіліктерді  «Әділдік жолы» РҚБ Нұр-Сұлтан қалалық бөлімшесі анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қоғамдық ұйым мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылған тапсырыстарға мониторинг жүргізу кезінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сомасы 1 196 336 452 теңгені құрайтын тендеріндегі бірқатар кемшілікті анықтады. Атап айтқанда, ведомство аталған сомаға бірнеше жеделсаты сатып алмақ болған. Оның ішінде 22 аялдамалық 2 лифт, 1800 келі жүк көтеретін, 20 аялдамалық 2 лифт, 1800 келі жүк көтеретін, 20 аялдамалық, 1600 келі салмаққа арналған 1 лифт, 5 аялдамалық, 1450 келі салмақ көтеруге арналған 6 лифтті бұзып, орнына жаңасын сатып алуға тапсырыс берген. 

Қазақстанның мемлекеттік сатып алулар туралы заңына сәйкес, ашық конкурс арқылы мемлекеттік сатып алу кезінде мемсатып алудың ұйымдастырушысы конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрлері және оларды жеткізу (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті. Бұған тек өзара байланысты жұмыстар кешенін көздейтін жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мен уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу ғана кірмейді, - деді ұйымның елордалық бөлімшесінің жетекшісі Дархан Құлжамбеков. 

Оның сөзінше, тапсырыста бұдан басқа тапсырыстың коды қате жазылып, оның шартында нақты талаптар көрсетілмеген. Мәселен, тауарды сатып алудан бөлек, сатып алынатын 11 лифтіні монтаждау және орнату туралы талап бар. Ал ол үшін екінші санаттағы рұқсаттар болуы қажет. 

«Әділдік жолы» өкілінің айтуынша, Қазақстанның рұқсаттар және хабарламалар туралы заңына сәйкес, екінші санаттағы рұқсаттарға заңды тұлғаларды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізу құқығына аттестаттау жатады.  

«Кәсіпкерлік кодексінің 108-бабының 2-тармағына сәйкес, кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстанның рұқсаттар және хабарламалар туралы заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсат алмай немесе тиісті хабарлама жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді. Жеке кәсіпкерлер өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында аттестаттауға жатпайды», - деп толықтырды Құлжамбеков. 

Осыны негізге алып, қоғамдық бірлестік Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне хат жолдады. Нәтижесінде департамент тапсырыс ұйымдастырушысы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрлері (орындау, көрсету) бойынша лоттарға бөлмегенін анықтады. Камералық бақылау нәтижелері бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы хабарлама негізінде аталған сатып алу тоқтатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама