×

Экспорт аз: Жамбыл облысында 116 мың тонна пияз шіріп жатыр

Жергілікті полиция белгіленбеген жерді қоқыс алаңына айналдырғандарды іздеуде

 Еркеғали Болатұлы 09.04.2024 | 09:56
фото: Нұрдәулет Әбікеев

Жамбыл облысында жиналған пияздың 60%-ы экспортқа шығарылмай, толық шіріп кетуі мүмкін. Өйткені өңірдегі көкөніс сақтайтын 100-ден аса қойманың тең жартысы талапқа сай келмейді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Қазір өңірдегі тоңазытқышы жоқ әрі тозығы жеткен қоймаларда былтырдан қалған 116 мың тонна пияз сақтаулы. Оны жергілікті шаруалар келісін 15 теңгеге де өткізе алмай отыр. Сондықтан тұрып қалған тауарларын қоқысқа шығарып, кейбірін тұрғындарға тегін таратып жатыр.

Шіріген пиязды тонналап далаға төккендер де бар. Ал экологтар тұмса табиғатты ластағандарды жауапқа тарту керек деп дабыл қағып отыр. Өйткені шіріген көкөністен ауру тарауы мүмкін. Қазір жергілікті полиция белгіленбеген жерді қоқыс алаңына айналдырғандарды іздеп жатыр.

Айта кетсек, былтыр елімізде 1 млн тоннадан астам пияз жиналған. Бұл – жылдағыдан 3 есе көп. Оның 780 мың тоннасын жамбылдық диқандар өсірген. Бірақ өнімге сырт елдерден сұраныс жоқ. Мәселен, былтыр 325 мың тонна пияз сыртқа саудаланса, биылғы көрсеткіш одан төмен. Кейінгі 3 айда небәрі 161 мың тонна экспортталыпты.

Сәуір айының соңында біздің елге ол жақтың жаңа шыққан пияз өнімдері экспортталып қалады. Пәкістанға пиязымыз шықпай қалуы мүмкін. Мұздатқышы жоқ қоймаларда қауіп жоғары. 60 пайызға жуығында мұздатқыш жоқ, – дейді Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама