Жыл сайын 90 тонна алтын өндіріледі
Қазақстанда алтынның 20-25 жылға жететін қоры бар. Бұл туралы Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазір елімізде алтынның 2 300 тонна қоры бар. Бұл – геологиялық запас. Бүгінде жылына 90 тонна алтын өндіріліп жатыр. Жалпы алтынның 20-25 жылға жететін қоры бар. Біздің болжам бойынша, Қазақстанда алтынның қоры 20 мың тоннаға дейін жетеді, - деді Ерлан Акбаров ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ басқарма төрағасы мұнайдың қорына тоқталды.
Мұнай бойынша геологиялық қор – 4 млрд 400 млн тонна. Оның ішінде өңдеуге жататын мұнайдың С1 категориясының қоры – 2 млрд 900 млн тонна. Бұл – жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі қор. Барлау жасалып жатқан қаншама кен орны мен участок бар. Бұл мұнай таусылып қалады деген әңгіме емес. Қазақстандағы мұнайдың болжамды қоры – 78 млрд тонна, - деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда жылына 25 тонна алтынның заңсыз өндірілетіні хабарланған еді.