ЕО Ресейге қарсы алтыншы санкциясын салатын болды
Жыл соңына дейін Ресейден мұнай сатып алуды 90 пайызға дейін қысқартпақ
Еуропа одағы лидерлері кезектен тыс саммитте Ресейге қарсы алтыншы рет санкция жариялауға уағдаласты. Бұл пакетке Ресейден импортталатын мұнайдың үштен екі бөлігінен бас тарту және «Сбербанкті» SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажырату кіреді.
Бұл ретте Еуропа одағы Ресейдің теңізбен немесе порттар арқылы келетін энергетикалық шикізатын ғана алуды тоқтатайын деп отыр. Ал Венгрия қарсы болғандықтан, әзірге құбырмен жететін мұнайын импорттауды доғарудың сәті түспеген. Алайда Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен жыл соңына дейін Ресейден мұнай сатып алуды 90 пайызға қысқартудан үміттеніп отыр.
Сондай-ақ Еуропа мемлекеттерінің басшылары Украинаның қазіргі мұқтаждықтарын өтейтіндерін мәлімдеді. Қазір олар Отанын қорғап жатқандарға 9 миллиард еуро көмек беру мәселесін шешуге кіріскен.