×

Төтенше жағдай жарияланған өңір фермерлерінің несиесі 24 айға дейін ұзартылады

Министрлік су тасқыны болған өңірлерде азық-түліктің жеткілікті қоры барын айтты 

 Халық үні 02.04.2024 | 09:55
көрнекі фото: Halyq Uni

Су тасқыны болған алты облыстағы тұрақтандыру қорында 63,4 мың тонна азық-түлік бар. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Абай облыстарындағы 63,4 мың тонна азық-түлік құрғақ жерде сақталған және тасқын судан зақым келмеген.

Ал басқа өңірлердің тұрақтандыру қорларында шамамен 110 мың тонна азық-түлік бар және қажет болған жағдайда ол қор зардап шеккен өңірлерге жедел жөнелтілуі мүмкін, - делінген премьер-министрдің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ министрлік қазірге дейін су тасқынынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы дақылдары (күздік дақылдар, жылыжайлар, бақшалар) туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.

Егер егіс маусымының басында су шайған учаскелер анықталса, егіс алқаптары дақылдарды егу және әртараптандыру арқылы қалпына келтіріледі. Төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлердің фермерлері үшін шығындарды растау кезінде кредиттерді 24 айға дейін ұзарту және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көзделген. Аграрлық несие корпорациясында бұл механизм жолға қойылған. Әкімдіктер су тасқыны салдарынан егіс жұмыстарын уақытында бастай алмайтындарды немесе шығынға ұшырағандарды жедел есепке алуы қажет, - дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Айта кетейік, вице-премьер Серік Жұманғарин көктемгі тасқын судан зардап шеккен өңірлердің әкімдіктерімен, агроөнеркәсіп кешені, «Атамекен» ҰКП және салалық мемлекеттік органдармен өткен жедел кеңес өткізді.

Жұманғарин «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-ға өңірлерді ауыл шаруашылығы жануарлары үшін азықпен қамтамасыз ету мәселелерін жылдам және бюрократиясыз пысықтауды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама