Заңға өзгерістер енгізу мәселесі қаралып жатыр
Елімізде шетелдік банктер бизнеске несие беруі мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол мәселе әлі қаралып жатқанын атап өтті.
Бүгінде бірқатар шетелдік банкті қарастырып жатырмыз, қызығушылық бар. Біз Қытай, Оңтүстік Кореямен тығыз экономикалық байланыстамыз. Олар біздің кәсіпкерлерді біледі. Осы елдердің елімізде бизнесі бар. Қазір олардың еншілес банктері осында жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Bank Of China, ICBC, Shinhan bank (Оңтүстік Корея) және BNK Finance Kazakhstan микроқаржылық ұйымы (Оңтүстік Корея) бар. Бұдан бөлек, Al Hilal bank бар. Олардың бизнеске несие беруде тәжірибесі бар. Сондықтан олардың қазақстандық нарыққа кіруге қызығушылық танытары сөзсіз. Мұны іске асыру үшін банк секторындағы кейбір кедергіні алып тастап, заңға бірқатар өзгеріс енгізу керек. Олар Қазақстан бекіткен базалық ставка бойынша жұмыс істейді. Себебі несие теңгемен беріледі, - деді Нұрлан Әбдірахманов Сенатта.
Сондай-ақ ол отандық бизнесті қаржыландыру үшін қосымша қаржы көзі артық етпейтінін жеткізді.
Қазір елімізде 21 банк бар. 2020-2021 жылдарға дейін елімізде 3 ресейлік банк жұмыс істеді: Альфа банк, Сбербанк және ВТВ банк. Қазір ВТВ-дан басқасы елімізде жұмыс істемейді, ал ВТВ-ның қызметі шектелді. Олар бизнеске несие берумен айналысты, жергілікті банктермен бәсекеге түсті. Бұл несие бойынша ставканы төмендетті. Сондай-ақ кәсіпкерлерге қарыз алуға мүмкіндік берді. Сондықтан бізде осындай банк бар, осы жеткілікті деген ереже жоқ. Бізге капиталы бар, тәуекелге бара алатын ірі банктер керек, - деп түйіндеді сөзін төрағаның орынбасары.