Қос ел арасындағы сауда айналымы – 31,5 млрд доллар
Астанада QazTrade пен Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен Қытай-Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша экспорттаушылардың екінші форум-конференциясы өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Іс-шараға Сычуань және Хубэй провинцияларының іскер топ өкілдері, оның ішінде 200-ге жуық кәсіпкер, сондай-ақ салалық қауымдастық басшылары, Қазақстан мен Қытай мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларының өкілдері қатысты.
Жиында QazTrade АҚ бас директоры Жеңіс Өсербай қазақстандық тауар өндірушілердің жоғары әлеуетін жеткізді. Ол Қытай нарығының тауарларға деген қажеттілігі жоғары екенін, Қазақстан бұл сұраныстың бір бөлігін, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысты жабуы мүмкін екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Қытай провинциялары мен кәсіпкерлері Қазақстан нарығына қызыға қарайды және қызығушылық артуда. Мұны сауда көлемі дәлелдеп отыр.
Сондай-ақ Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиевтің айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қос тараптың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде Қытай Қазақстанның сауда серіктесі ретінде 1-орынға шыққан.
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 31,5 млрд долларға жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Қытай – әлемдегі ең ірі инвестор және жетекші экономиканың бірі. Бұл – Қазақстан үшін тұрақты прогресс пен сауда-инвестициялық әлеуетті іске асырудың ұзақ мерзімді факторы. Былтыр біз Қытай нарығына еркін экспорттай алатын агроөнімдер тізбесін кеңейттік, - деді министр.
Сонымен қатар отандық кәсіпорындар 135 тауар позициясы бойынша 1 млрд доллар көлемінде Қытайға өнеркәсіптік және ауылшаруашылық өнімдерінің кең ассортиментін жеткізуге қауқарлы.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық аймақтандыру қағидаты бойынша құрылып жатыр.
Біз Қытайдың ең ірі 3 провинциясының бірі Сычуаньмен белсенді жұмыс істеуге кірістік. Бүгінде Қазақстан мен аталмыш провинция арасындағы сауда шамамен 230 млн долларға жетті. Оның ішінде Қазақстан 45 млн долларға өнім экспорттайды, - деді Арман Шаққалиев.
Ол 40-тан аса қазақстандық компанияның қатысуымен өткен Чэндудағы соңғы сауда миссиясы экспорттық мүмкіндіктерге жол ашқанын жеткізді.
Сычуань провинциясы май, астық өнімдері, сусындар, кондитерлік өнімдер мен басқа да тауарлардың ауқымды көлемін сатып алуға дайын.
Жақын арада QazTrade сауда өкілдігі Сычуань провинциясындағы қытайлық серіктестермен бірлесіп жұмыс істей бастайды. Онда экспорттық оператор қазақстандық кәсіпорындар мен Қытайдың ірі компаниялары арасындағы байланыстырушы рөлін атқарады.
Форум аясында QazTrade АҚ пен Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі кеңесі (Сычуань кеңесі), сондай-ақ Hubei Enterprise International Cooperation of China қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Orbis Kazakstan компаниялар тобы Sichuan Kaiyi International Co., Ltd компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұдан басқа, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ және Jinmaisui Group Gangwei қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін өзара іс-қимыл туралы келісті.
Экспорттаушылар форумы шеңберінде B2B форматында екіжақты келіссөздер өтті. Нәтижесінде Қазақстан мен Қытай бизнес өкілдері жалпы сомасы 164,5 млн доллардың тауарын жеткізуге шарт жасасты.