Шетелден бидай әкелуге тыйым салынады
Бұл шара егіс науқанының бұзылмауы үшін іске асады
Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан аумағына автомобиль, су және теміржол көлігімен бидай әкелуге тыйым салуды енгізу туралы» бұйрық әзірледі. Құжат «Ашық» НҚА порталында жарияланды.
Құжатта ел аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен автокөлік, су көлігі және теміржол арқылы бидай әкелуге 6 айға тыйым салу көрсетілген. Алайда бидайды теміржол көлігімен өндіру және тұтыну мақсатында құс шаруашылығы және ұн тарту кәсіпорындарына әкелуге рұқсат бар. Мұндай жағдайда әкелінген бидай ішкі және сыртқы нарықта сатылымға шығарылмайды.
Бұл тыйым Қазақстан аумағынан тыс жерлерде басталатын және аяқталатын теміржол транзиттік тасымалы аясында ел аумағына әкелінетін бидайға әсер етпейді.
Құжат түсіндірмесінде 2023 жылы 17,1 млн тонна дәнді дақыл жиналғаны, оның ішінде 12,1 млн тонна бидай бар екені көрсетілген. Өңдеу және экспортқа жөнелту көлемін ескеріп, 2024 жылдың 1 наурызында дәнді дақыл 11,5 млн тоннаны құрайды.
Азық-түлік корпорациясы 350 мың тонна жемді тікелей сатып алуды жүзеге асырды. Осылайша, ішкі нарықта азық-түлік және жемнің жеткілікті қоры бар. Сонымен қатар Ресейден астықтың қосымша түсімі жалғасып жатыр, бұл ішкі нарықтағы сұраныстың және бағаның төмендеуіне әкеледі.
2023 жылы Ресейдің бидай импорты 1,9 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылғы деңгейден 31%-ға артық (1,46 млн тонна), оның негізгі көлемі жұмсақ бидай – 1,8 млн тонна (1,39 млн. тонна немесе 31%). 2024 жылдың қаңтарында Ресей Федерациясынан теміржол арқылы 174 мың тонна бидай әкелінді, бұл 2022 жылғы деңгейден 35%-ға көп.
Сонымен қатар жазда су көлігі арқылы 29 мың тонна бидай әкелінді, бұл ішкі нарықта ресей бидайының көлемін арттырады.
Импорттың өсуі бидайды сату мәселесін одан әрі ушықтырып отыр. Астықты сату нарығының болмауы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қаржы жағдайының нашарлауына алып келеді, бұл 2024 жылғы егіс науқанының бұзылуына әкелуі мүмкін.
Бұйрық жобасы 2024 жылдың 26 наурызына дейін көпшілік талқысына шығарылған.