×

«10 жылдан кейін қор таусылып, ондаған мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін»: Ұлттық геологиялық қызмет төрағасымен сұқбат

Бюджет тапшылығы, сарқылған ресурс, кадр мәселесі жайлы

 Ая Өміртай 14.03.2024 | 11:15
Ерлан Ғалиев, Ұлттық геологиялық қызмет төрағасы

Қазақстан жер қойнауы бай және пайдалы қазбалардың негізгі қорлары бойынша әлемдегі жетекшi елдердiң қатарына жатады. Дегенмен қазір экспорттың басым бөлігін құрайтын түстi және бағалы металдардың қоры шектеулі және алдағы оншақты жылда игеріліп бітуі мүмкін. Halyq Uni тілшісіне сұқбат берген «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ төрағасы Ерлан Ғалиев кен орындарын геологиялық барлау және қазба байлықтарын өндіру саласындағы негізгі проблемаларға тоқталды. Сарапшының айтуынша, жыл өткен сайын геолог мамандардың тапшылығы да өзекті мәселеге айналып отыр. Мәселен, былтыр Назарбаев университетінің тау-кен инженериясы факультетіне бір студент қана қабылданған.

– Ерлан Фазылұлы, PDAC 2024 тау-кен барлау және тау-кен жұмыстары конференциясына Қазақстан делегациясының қатарында екенсіз. Аталған форум тау-кен саласындағы соңғы трендтерді білуге жақсы мүмкіндік шығар. АҚШ-қа сапарыңыз туралы айтып өтсеңіз?

– Торонтода жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен тау-кен компанияларын, үкіметтік делегацияларды, заңгерлік шығармашылық топтарды және коммерциялық емес ұйымдарды біріктіретін форум. Қазақстан атынан екінші жыл үлкен делегация қатысып келеді. Біздің делегация осы көрмеде ұлттық павильон ашты. Ең маңызды идея – инвестиция тарту. Өздеріңізге мәлім, қазір елде айтарлықтай бюджет тапшылығы бар, ұлттық компаниялар, мемлекеттік органдар бола ма, мұны бәріміз сезіп отырмыз. Мүмкін халық сезіне бермейтін болар, бірақ тапшылық бары анық. Ал тікелей шетелдік инвестициялар – бізге нақты қолма-қол ақша бере алатын драйвер, осы арқылы біз тек тау-кен саласында ғана емес, кейбір ұлттық бағдарламаларды алға жылжыта аламыз. Сондай-ақ медицинадағы білім беру, экономика үшін жаңа жұмыс орындарын құру міндеттері орындалады.

– «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-ның құрылу мақсаты мен негізгі міндеті қандай, компанияларыңыз нақты немен айналысады?

– Геологиялық қызметті құру идеясы ұзақ уақыт бойы басшылыққа алынып, халықаралық үлгі негізінде құрылды. Әлемнің барлық елінде, мысалы, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдерде, сондай-ақ Үндістан, Қытай сияқты елдердің барлығында геологиялық қызмет бар. Геология туралы ойлаған кезде, есімізге ең бірінші түсетіні – геологиялық барлау. Біздің геологиялық қызмет те осындай идеялардың жетегінде құрылған. Әу баста екі компания бірігіп, осы компаниялардың есебінен жұмыс атқарылуға тиіс болған, бірақ өзгерістер енгізілді. Қазір біздің орталық екі негізгі бағытпен айналысады, біріншісі – геологиялық ақпаратты жинақтау, оны сақтау, өңдеу, талдау, одан әрі инвесторларға ұсыну. Екінші бағыт – инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, жоғарыда айтқанымдай, инвестор бізге жүгінеді, сәйкесінше біз геология саласында толық қолдау көрсетеміз. Мысалы, инвесторлар пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге лицензия алу үшін өтініш беруі керек болса, мұнымен министрлік айналысады. Біз дәл осы кезеңге дейін жеткізіп отырмыз. Тау-кен өнеркәсібі мен мұнай өнеркәсібі әлемінде ең маңыздысы – ақпарат. Кім ақпаратқа иелік етсе, сол барлығына иелік етеді. Біздің басты міндетіміз – жемқорлық мәселесі болмайтындай ашық ақпарат беру. Сондай-ақ, инвестор қабылдауы үшін материалдың сапасы да жоғары болғаны маңызды. Геология әрқашан тәуекелмен байланысты, мұны бәріміз жақсы білеміз, бірақ біздің міндетіміз инвесторлар үшін қауіп-қатерді барынша азайту.

– Қазақстанда геологиялық барлауды жедел дамыту қажет деген түсінік бар. Үкімет деңгейінде инвестиция қажеттілігі туралы көп айтылып, нарықты ынталандыру бойынша белсенді шаралар жүргізіліп жатады. Дегенмен саланың сын көтермей тұрғандығын өзіңіз де атап өттіңіз. Мәселе неде? Шетелдік инвесторлар шынымен де Қазақстанда жұмыс істеуге мүдделі емес пе?

– Егер былтырғы деректерге тоқталар болсақ, Қазақстанның ашылуы мүмкін аумағын толығымен аштық деуге болады. Су қоры, орман шаруашылығы, әскери полигон учаскелерінен басқа, сондай-ақ келісімшарт жасалған бар учаскелерден басқа аумақтарды барлау үшін аштық. Жер қойнауын пайдаланушылар үшін Қазақстанның барлық аумағы ашық және бірінші болып кез келгені өтінім бере алады. Жүргізілген реформалардың арқасында былтыр жыл соңында бірнеше аукцион өткізіліп, жер қойнауын пайдаланушылардан лицензия алу үшін шамамен 7-5 миллион АҚШ доллары жиналды. Оның үстіне бұл жер қойнауын пайдаланушылар – әлемге әйгілі компаниялар. Мысалы, алпауыт BHP команиясы, канадалық Teck Resources Limited компаниясы, америкалық Rio Tinto компаниясы. Аталған компаниялардың жалпы капитализациясын алатын болсақ, бұл жарты триллион доллар, өте ірі ойыншылар. Олар қазір мүмкіндігінше Қазақстанға кіріп жатыр, қызығушылығы басым. Біздің міндетіміз – осы сәтті пайдаланып қалу. Әрине, «неге бұл лицензияны жергілікті компанияларға бермейміз» деген сұрақ тууы заңды. Қазақстандық компаниялар да аукциондарға қатысып, шетелдіктер сияқты лицензия ала алады. Яғни, шетелдік инвесторларға басымдық береміз деген қағида жоқ, барлығының мүмкіндігі тең. Біз үшін ең бастысы – жаңа кен орындарының ашылуы. Қазір шығыс, солтүстік, орталық Қазақстандағы жағдай өте аянышты. Онда толығымен өндіріске, негізінен тау-кен өндірісіне тәуелді моноқалалар бар. Ал ол жерде минералдық базалар толықтырылмай жатқандықтан, жаңа ештеңе жоқ. Жаңа кен орны ашылмағандықтан, 7-10 жылдан кейін ресурс таусылып, қалалар жабылып, ондаған мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл елеулі әлеуметтік коллапсқа (жүйелі дағдарыс әсерінен кез келген құрылымның жойылу процесі – ред.) айналады.

– Кеңес дәуірінде ашылған көптеген кен орны қазір игеру кезеңіне жақындап қалғандығын меңзеп отырсыз ғой. Мысалы, түсті және бағалы металдардың қоры 10-15 жылда таусылуы мүмкін екендігі айтылады. Соңғы онжылдықтарда жаңа кен орындары ашылды ма?

– Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде тау-кен өнеркәсібінде әлемдік деңгейдегі жаңалық болған жоқ. Кішігірім кен орындары ашылды, бірақ олардың көлемі жеткіліксіз. Дей тұрғанмен бұл тұрғыда Қазақстанның әлеуеті бар екеніне сенеміз әрі білеміз. Геологиялық және практикалық тұрғыдан алғанда бұл жеткілікті. Әлбетте, көпшілікке ортақ материалдарды зерттеген шетелдік компаниялар мұны ұғынып отыр. Сонымен қатар геологиялық барлауға қосымша инвестиция қажет екенін, осы арқылы жаңа кен орындарының ашылатындығын түсінеді.

– Егер нақты айтар болсақ, геология саласында қандай өзекті мәселелерді атайтын едіңіз?

– Жеке тәжірибемнен айтайын, барлауды мемлекет жүргізбейді. Барлауды бүкіл әлемде жеке компаниялар жүргізеді. Мысалы, Франция, Ұлыбритания, Америка, Канада тәжірибесіне қарасақ, олардың мемлекеті тек нарыққа бар нәрсені ғана береді. Мемлекет бар геологиялық ақпаратты картаға түсірумен айналысады, келешегі бар аумақтар анықталады. Содан кейін жеке компаниялар бұл аймақтарға кіріп, барлау жұмыстарын жүргізуі керек. Шындығында, Қазақстанда үлкен барлау құрылымдары Кеңес кезінде болған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін келген компаниялар жұмысы да, қорлары да жеткілікті еді. Барлау жұмыстарына аз қаржы салып, осы қорларды игерумен айналысты. Мұны олардың өздері де жақсы түсінеді, соңғы 5-6 жылда бұл компаниялар геологиялық барлау жұмыстарымен белсенді айналысуға ден қоя бастады. Ал мұны бұл компаниялар әлдеқашан, 2 мыңыншы жылдары белсенді бастап кетуі керек еді.

– Геологиялық барлаудағы мәселелердің түп-төркіні еліміздің Геология министрлігінің жеке ведомство болып жойылғанында жатқан жоқ па? Мәселен, Геология комитеті 12 рет қайта құрудан өткен екен.

– Турасын айтқанда, мен геологиялық комитеттің қызметкері емеспін. Өйткені аталған мемлекеттік орган саяси стратегиялық міндеттермен айналысады. Аз ғана уақыт ішінде басшылықтың сан рет ауысқаны, оған қатысты пайымның өзгергені өте өкінішті. Қазір мемлекеттік аппаратта «Геология министрлігі» деп аталатын жаңа министрлік құру туралы талқылаулар жүріп жатқанынан хабарым бар. Бұл тұрғыда мәселені жан-жақты талқылай отырып, барлық тәуекелдер ескерілуі қажет. Әрине, бізде онсыз да министрліктер көп екенін білесіз. Мәселен, былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғаны өте сәтті шешімдердің бірі болды деген ойдамын. Өйткені елімізде су ресурстарына қатысты мәселелер өте күрделі. Ал Геология министрлігін қайта құру қажеттілігіне қатысты нақты пікір айта алмаймын. Өйткені сұрақ саяси және жауап беру менің құзырама кірмейді. Ал инвестициялық қоғамдастықтың мемлекеттік органдары тарапынан қолдау болса, геология қызметінің алдында тұрған мәселелерді шеше аламыз.

– Бұл қатарда кадр тапшылығы мәселесі де бар шығар.

– Қазір зейнет жасынан асқан аға буын бар, олар өз ісінің асқан білгірі деп айтуға болады. Мысалы, сол кісілердің біреуінен сұрай қалсам, кен орыны қашан, қайда ашылды, қай жылы бұрғылау жүргізілді, алтын әлде метал өндірілді ме, барлығын жатқа айтады. Біздің буын мен аға буын арасында мамандар аз. Ал кейінгі мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына тапсырып жатқан жас буын арасында геолог мамандығын таңдайтындар сирек. Өйткені геология – танымал емес. Бір қызық айтайтын, Назарбаев университетінде тау-кен инженериясы деген тамаша факультет бар, былтыр осы факультетке бір қыз бала ғана түскен. Кезінде 2002 жылы оқуды Мәскеуде бітірдім, студенттердің көптігі сонша үлкен аудиторияға сыймай қалатынбыз. Жалпы алғанда, геологияның құлдырауы тоқсаныншы жылдары басталды. Жұмыскерлер отбасын асырауға мәжбүр болып, мамандықтарын тастап кетіп жатты. 2000 жылдары қарқын алған геология мамандығы қазір қайтадан құлдырауды өткеріп жатыр. Енді не істеу керек? Жастар арасында мамандықты насихаттау қажет. Геолог мамандығы – өте қызық әрі күрделі, техникалық, инженерлік мамандық. Физика мен химияны жақсы білу керек. Мысалы, ірі компанияда жұмыс істейтін кәсіби геологтың жалақысын алатын болсақ, мұнай саласы болсын, тау-кен өнеркәсібі болсын, жалақысы өте жоғары. Елдің ішкі жалпы өнімінің 65 пайызын пайдалы ресурстар толтырып отыр, ал пайдалы ресурстар геологиямен тығыз байланысты. Сондықтан өздеріңіз сынды БАҚ өкілдерін геология ғылымы мен мамандығын танымал етуге шақырамын.

– «Аяғымыздың астында бүкіл Менделеев кестесі жатыр» деп айтамыз. Пайдалы қазбалар қоры туралы не айтасыз? Мәселен, біздегі алтын сапасы нашар деп естимін.

– Біздегі өндірілетін, экспортқа шығарылатын алтын немесе концентрат өнімінің сапасы технологиялық процесс тұрғысынан алғанда қалыпты. Құрамында полиметалл кендері, алтын, қорғасын бар кендер күрделі болады, көбіне мышьякпен бірге жүреді. Мышьяк та минералға жатады. Әлемде мышьякты химия өнеркәсібінде қолданатын елдер бар, бірақ алтын өндірісінде күрделі элемент. Бұлар тек мышьяк кендері емес, сульфидті кендерде бар. Яғни, Қазақстандағы алтын кен орындарын игеру ұзақ уақыт бойы жүргізіліп келе жатқандықтан, қазір барлық жеңіл қорларды сарқып алдық. Енді тереңде жатқан мышьяк пен сульфидтің күрделі қорларына көшеміз. Яғни неғұрлым тереңірек болған сайын, соғұрлым қымбат. Сондықтан, бұл жерде мәселе сапалы болуында емес, қымбатшылығында. Бізде белгілі бір артықшылықтар бар. Мысалы, Қазақстанның дамыған инфрақұрылымы бар, сол сияқты тау-кен өнеркәсібінде арнайы жұмыс істейтін кадрлардың саны көп. Яғни, кеншілер, металлургиялық өңдеушілер, тау-кен байыту комбинаттары бар. Ал мұндай артықшылық көптеген елдерде жоқ. Мысалы, Африка қазір геологиялық барлау қарқынды жүріп жатқан аймақтардың бірі. Ол жақта мыс пен алтын бар, қазір халықаралық компаниялар кіріп жатыр.

– Иә. Оңтүстік Кореяға қарасты компаниялар жұмысшы іздестіріп жатқанын Кореяда жүрген қазақ мигранттарынан естіп едім.

– Замбияны алайықшы, шөл дала, басқа ештеңе жоқ. Тіптен теміржолдар да жоқ. Африка елдерінің кемшілігі – дамыған инфрақұрылым мен кадрлардың жоқтығы. Бізде бұл жағынан нақты артықшылықтар бар. Қазақстанның тау-кен саласында мықты заңнамасы мен тарихи сабақтастығы бар. Бірақ көршілес Өзбекстан да ресурстары жағынан бай мемлекет. Бір жағынан бәсекелес деп айтуға болады. Қазақстанға келетін шетелдік компаниялар Өзбекстанға да барып жатыр. Олар қазір өздерінің нақты кодекстерін талқылап, түзетулер әзірледі. Шетелдік компаниялардың келуіне кедергі мәселелерді реттеп, тез арада біздегідей озық кодексті қабылдайтын болса, Өзбекстан бұл салада жылдам дамиды.

– Шикізаттық әріптестік шеңберінде экономикалық мүдделер бойынша елдердің бірігуі туралы айтылды. Қазақстан бұл салада қандай елдермен серіктес?

– Бұл тарапта Қазақстанға Еуропалық Одағы тарапынан үлкен қызығушылықты байқаймын. Атап айтқанда, Германия, Франция, Ұлыбритания. Әсіресе Канада, Қытай, Америка компаниялары. Геологиялық қызметке ұқсас Корей институты бар, олар бізбен жұмыс істеуге мүдделі.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін шет елдерге арзан бағаға сатылып кеткен стратегиялық нысандарды атай аласыз ба? Мысалы, «Құмкөл» мұнай-газ компаниясы Канаданың меншігіне өтіп кеткендігі айтылады.

– Нақты статистикалық деректерді білмеймін. Дегенмен парламентте өнімдерді бөлісу туралы келісім қызу талқыланып жатқанын ғана айта аламын. Бұл мұнай-газ саласының үш тірегі саналатын – «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», «Теңізшевройл» ЖШС, Қашаған кен орны. Қазір бұл үш кәсіпорында өндіріс деңгейі жоғары. Мысалы, «Теңізшевройл» ЖШС – Қазақстандағы ең ірі салық төлеуші. Тіпті, сол Құмкөл қазір дамудың соңғы сатысында тұр, таусылды десек те болады. Ал бұл келісімдердің қалай жасалғанын айту қиын, мүлде басқа уақытта болды. Меніңше, тоқсаныншы жылдары еліміздің қаржылық жағдайы өте қиын болғанын ұмытпау керек сияқты. Сол сәтте қабылданған шешімдерді осы призмадан қарау керек. Тамақ табу керек, халықтың зейнетақысын төлеу керек болды және т.б. Бүкіл жүйеде толық қаржылай күйреу болды. Осы жерде тағы да айта кетейін, менде сол кездегі қабылданған шешімдер туралы, әсіресе Құмкөл туралы мәлімет жоқ.

– Қазақстандағы тау-кен және мұнай өндіру салаларындағы қазіргі ахуал қаншалықты тұрақты?

– Мұнай өнеркәсібіндегі жағдай тау-кен өнеркәсібіндегідей. Атырау, Маңғыстау облысының кейбір аудандары жуық араға дейін қорлармен азды-көпті қамтамасыз етілген. Егер Қызылорда туралы айтатын болсақ, жағдай әлдеқайда күрделі, сіз атаған Құмкөл сонда орналасқан. Нақты айтсақ, 10-15 жылдан кейін ірі кен орындары таусылады. Мысалы, Ақшабұлақ кен орны. Ал ол жерде жаңа толықтыру кен орындары ашылмайды. Сондықтан, меніңше, Қызылорда үшін мемлекеттің рөлі маңызды. Жаңа кен орындары ашылуы үшін мемлекет жер қойнауларын геологиялық зерттеумен айналысуы керек. Қазір Арал ауданында мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр, 2024 жылы аяқталуы қажет. Мәселен Геология комитеті мүлдем зерттелмеген Сырдария шөгінді бассейніндегі жұмысты қаржыландыру үшін біренеше рет бюджетке өтінім берді. Өйткені жаңа мұнай мен газ кен орындарын ашудың болашағы өте жоғары. Соған қарамастан, жылдан жылға бюджет қаржысы жоққа шығарылып, бұл өңірдің жер қойнауын геологиялық барлауға ақша бөлінбей келеді.

– Елді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде арынды жер асты сулары ерекше рөл атқарады. Жер асты сулары қоры жеткілікті ме?

– Бізде жер асты сулары қорымен қамтамасыз етілмеген екі облыс бар. Бұл батыс және солтүстік аймақ. Менің білуімше, солтүстік өңір негізінен жер үсті суларын пайдаланады. Батыс өңірде су кестемен беріледі. Атырау мен Маңғыстауда бұл жағынан қашан да қиын болған. Маңғыстау облысында жерасты суларының кен орындары аз, тіпті жоқ деуге болады. Қазақстан аумағында пайдаланылатын жер асты суларының қоры – 42990, 9635 мың м3/тәул. мөлшерінде. Елімізде жер асты суларының бекітілген пайдалану қорлары – 4540 жерасты су кен орны (5511 учаске) мемлекеттік есепке алынды.

– Аталған мәселені қалай шешуге болады?

 – Мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі, Ақтөбе облысында орналасқан жерасты кен орнын алып, Маңғыстау облысы мен Атырауға канал тартамыз. Немесе Маңғыстау облысындағы ащы суды тұщы суға айналдыру қажет. Екі процесс те өте қымбат және үлкен тәуекелді қамтиды. Өйткені сумен қамтамасыз ету өте ұзақ және шығыны көп процесс, ал кермек суды тұщыландыруда химиялық және технологиялық мәселелер бар. Жалпы айтқанда біз жер үсті суларына тәуелдіміз. Қазақстанға келетін өзендердің барлығы Ресей мен Қытайдан басталады, бәлкім, біраз уақыттан кейін жерасты суларына көшуге тура келетін шығар. Мәселен, Орал қаласы ауыз судың 45%-ын жер асты суларынан алады, дегенмен екі үлкен – Жайық және Шаған өзендері осы жерден өтеді. Жайық суының өзі аса сапалы емес, қатқыл, сондықтан біз қалаға қажетті шаруашылық-ауыз су үшін жерасты суының 45-55%-ын алуымыз керек. Яғни, қазірдің өзінде елімізде жерасты суларына тәуелді қалаларымыз бар, оларды ластанудан сақтап, орынды пайдалану өте күрделі мәселе.

 – Астанада қазірдің өзінде ауыз су тапшылығы мәселері өзекті болып отыр.

– Астанадағы су мәселесі су қорына емес, тікелей инфрақұрылымға қатысты. Негізгі мәселе, қаланың қарқынды дамып келе жатқанында және инфрақұрылымы жылдам кеңейіп бара жатқан қалаға төтеп бере алмайды. Бұл тек суға ғана емес, жылу мен электр қуатына да қатысты. Қала құрылысшылары үшін қиын да жауапты мәселеге айналып барады.

– Бізде қазба жүргізілген жерлердің барлығы жер сілкінісі кезінде қауіпті ошаққа айналуы мүмкін. Тіпті, елдің батысында пайдалы қазбаларды алу салдарынан техногендік жер сілкінісі көбейген. Осы мәселе тұрғысында жауапкершілік қандай? Қазба орындарын кім ретке келтіреді?

– Иә, бұл – өте күрделі мәселе, мұны кеңестік теорияда қауіпті геологиялық процестер деп атаған. Бірақ қазір Қазақстанда техногендік апаттар сияқты қауіпті геологиялық процестермен ешкім айналыспайды. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл мәселелерді қадағалайды, бірақ ведомство сейсмологиялық қаупі бар аймақтардағы жер сілкінісіне көбірек мән береді. Батыс Қазақстан сейсмоқауіпті аймақ емес, шын мәнінде тектоникалық плиталар соқтығыспайды, қозғалмайды, сейсмикалық тыныш аймақ. Дегенмен, сіз дұрыс айтасыз, техногендік апаттар қаупі бар. Бұл жерде біз, Ұлттық геологиялық қызмет ретінде аталған мәселені өз жауапкершілігімізге алғымыз келеді. Қазір бізде бұл мәселелермен айналысатын мамандар жоқ, тіпті, жұмыс құрылымында қарастырылмаған. Ұлыбритания, Америка, Франция елдерінде халықаралық тәжірибе әлдеқашан қалыптасқан. Қауіпті геологиялық техногендік процестердің барлық мәселелерімен бүкіл әлемде әдеттегідей геологиялық қызмет айналысады. Мұнда адам өмірі жатыр, ерте ме, кеш пе бізге де мұны қолға алуымыз керек.

–  Демек Майқайың, Костенко шахталарындағы апатты жағдай басқа кен орындарында қайталануы мүмкін ғой?!

– Әбден, мүмкін. Бұл мәселе түбегейлі зерттеуді қажет етеді.

– 1930 жылы республикалық геологиялық қор құрылған сәттен бастап қазірге дейін жинақталған үлкен ақпаратты сақтай алып отырсыздар ма? Онда қандай маңызды деректер бар?

– 30-шы жылдардағы тарихи мәліметтерді алатын болсақ, олар қорда сақталады және барлық геологиялық ақпарат мемлекетке тиесілі. Біз, Ұлттық геологиялық қызмет – ақпаратты жинау және сақтау жөніндегі ұлттық оператормыз. Қағаз күйінде сақталғандықтан сапалары әртүрлі. Сонымен қатар табиғи жынысөзекті (керн – ред.) зертханалық талдаулар. Керн негізгі қоймада сақталады, бүкіл ел бойынша керн қоймалары бар. Керн – құбырлы бұрғылау ұңғымасының үңгу бетінен алынатын кеннің немесе тау жынысының сынама үлгісі, бір сөзбен айтқанда ұңғымадағы тау жыныстарының нақты күйі. Керн – геологтың көзі мен қолы деп айтуға болады. Және бұл жанама емес, нақты ақпарат. Жанама ақпаратта сейсмикалық барлау, магниттік барлау және қиыршық тас, жер бетінің қалыптылығы талданады, сондай-ақ жердің гравимагниттік өрісі, электр өрісі, сейсмикалық өрісі талданады. Осы негізде тереңде не болып жатқаны туралы жанама болжамдар жасалады. Енді қазір Қазақстанда не болып жатыр? Ғылыми жұмыстарды Сәтбаев университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Назарбаев университеті жүргізеді. Бұл ғылыми жұмыстар негізінен мемлекет есебінен қаржыландырылады, гранаттық қаржыландыру механизмі бар. Осы қаржыландырудың негізінде бұл институттар негізінен геологиялық ақпарат алу үшін «Ұлттық геологиялық қызметке» жүгінеді, сонымен қатар далалық зерттеулер жүргізеді. Ынтымақтастық жұмыс аясында ақпарат беріп, сараптамалық пікірімізді айтамыз. Содан кейін олар жұмысын аяқтаған соң Ғылым және жоғары білім министрлігіне тапсырады, кейін министрлік бізге береді.

– Геологиялық барлау нарығын дамытуды ынталандыру үшін тағы қандай нақты ұсыныстарыңыз бар?

– Біріншіден, ғылыми жаңалықтар ашылуы қажет деп есептеймін, ол үшін инвесторға нақты геологиялық ақпарат беруіміз керек. Жоғарыда айтқанымдай, ашылуларды жер қойнауын пайдаланушылар (мемлекеттер емес) атқарады.

Екіншіден, геология мен жер қойнауын пайдалануда нақты заңнамалық сабақтастық болуы керек, инвесторлар үшін ең бастысы тұрақтылық. Ал соңғысы – кадр, жас мамандар біздің барлық салаларда жұмыс істей жүріп, тәжірибе жинақтауы керек.

Ұлттық геологиялық қызмет ұйымы ретінде біздің міндетіміз – Қазақстанда жаңа кадрлардың құрылуына барынша ықпал ету, сонымен қатар мемлекет пен бизнес, ғылым арасындағы дәнекерге айналуы қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама