Жоба сәтті іске асса, халық тұтынатын тауарлар шығарылады
Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 90 жоба іріктелген. Оларды іске асыруға 232 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде қалдықтардың шыны, пластик және макулатура сияқты негізгі түрлері бойынша қайта өңдеу қуаты төмен деңгейде.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, дайын өнім алуды дамыту сапалы қайталама шикізатты талап етеді. Ол үшін қайта өңдеуге дейінгі барлық технологиялық операцияны, яғни жинау, тасымалдау және сұрыптауды ретке келтіру қажет, - деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.
Осыған байланысты Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекіткен.
Ол – қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуатын салуға бағытталған. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3%-дық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады. Бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері – 3 жылға шамамен 200 млрд теңге, - деді ведомство басшысы.
Министрліктің жанынан құрылған жобалық топ әкімдіктермен және бизнес өкілдерімен кездескен.
Жобаларды қарау кезінде өңірлердегі коммуналдық қалдықтардың ағымдағы жағдайын талдауға және проблемаларды жүйелі түрде шешу тұрғысынан жобалардың тиімділігіне баса назар аударылды. Нәтижесінде 232,2 млрд теңгеге 94 жоба іріктелді.
Жобаларды іске асыру нәтижесінде брусчатка, люктер, қоқыс бактары, шыны таралары, стрейч пленкалар, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылады», - деді Ерлан Нысанбаев.