Инфляцияның көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркелді
Премьер-министр Олжас Бектенов министрлер кабинетінің отырысында әкімдіктер мен министрліктерге әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы көтерілсе, оған жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Бұл ретте Үкімет басшысы 2 айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3 пайызға тең болғанын айтты.
Биыл Үкімет пен Ұлттық банктің алдында оны 8 пайыздан төмен ұстау міндеті тұр. Күріш, жұмыртқа, жеміс-жидек, сусын, май және макарон өнімдері бағасаның өсуі байқалды. Көріп отырғаныңыздай, бұл – өте көп позиция. Ол орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін білдіреді. Өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркелді, - деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, бұл мәселенің әлеуметтік маңызы бар. Сондықтан ол өзінің орынбасары Серік Жұманғаринге мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
«Егер өңірлер жергілікті деңгейде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар жасамаса, тиісті шешімдер қабылдау үшін дереу маған есеп беруіңізді сұраймын», - деді премьер-министр.