«Тағы 2 зауыт қайдан қосылды?». Үкімет басшысы мен министрдің мәліметі үйлеспей қалды

Дәурен Ерболат

Жобалардың жалпы құны – 172 млрд теңге

Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа берілген тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу бойынша мәлімет үйлеспей қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство басшысы елімізде қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 45 жоба іріктеліп жатқанын жеткізді.

Мұнда 37 жаңа зауыт салу және жұмыс істеп тұрған 8 зауыттың қуатын арттыру сынды жоспар бар. Жобалардың жалпы қуаты жылына 1,2 млн тоннадан асады. Ал құны – 171,6 млрд тенге, оның ішінде жеке инвестицияның көлемі – 34,3 млрд теңге, - деді Ерлан Нысанбаев.

Осы орайда премьер-министр өзінің қолында одан басқа мәлімет барын айтты.

Маған 35 жаңа зауыт салынады деген ақпарат түсті, ал сіз баяндамаңызда 37 жаңа зауыт салынады дедіңіз. Тағы 2 зауыт қайдан қосылды? - деді Олжас Бектенов.

Экология министрі Үкімет басшысынан кешірім сұрап, жағдайды түсіндірді.

«Тағы екі зауыт Астана қаласынан қосылып отыр. Кешірім сұраймын, кеше баяндамаға қосылды. Жобаларды іске асыру деңгейі жоғары», - деді Ерлан Нысанбаев.