×

Бектенов пен Мишустин сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазір екі елдің бизнес субъектілері құны 26,5 млрд доллар болатын 135 жобаны іске асырып жатыр

 Динара Амантай 04.03.2024 | 17:01
Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Олжас Бектенов Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің шақыртуымен Мәскеуге барды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Келіссөздер барысында Үкімет басшылары ағымдағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін және Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин арасында жасалған уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.

Тараптар сауда және инвестиция, өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация, сондай-ақ транзиттік-көлік салаларындағы бірлескен іс-қимылдарды айқындады. Сонымен қатар мәдени-ағарту саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Олжас Бектенов өнеркәсіп кооперациясын нығайту және сауда-саттықтағы өзара іс-қимылды дамытудың оң қарқынын атап өтті. Қазір екі елдің бизнес субъектілері құны 26,5 млрд доллар болатын 135 жобаны іске асырып жатыр. Сонымен қатар экономиканың негізгі салаларында, атап айтқанда, машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібінде жалпы құны 14 млрд доллар болатын қосымша 67 бірлескен жоба пысықталып жатыр. Бірлескен күш-жігердің арқасында 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ.

Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар және мәдени ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша жемісті дамып келеді. Маңызды бағыт – өнеркәсіп кооперациясы. Ол қазірдің өзінде өзара табысты екіжақты іс-қимылдың нақты көрінісіне айналып отыр. Екі ел Үкіметтері елдеріміздің көшбасшылары қол жеткізген барлық уағдаластықтарды іске асыру үшін бар күш-жігерін салады, – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстарын жеделдету және үйлестіру қажеттігін атап өтті. Кезеңді жұмыс шеңберінде 2027 жылдың соңына дейін жұмыс көлемін ескере отырып айқындалған 30 өткізу бекетінің 29-ы күрделі жөндеуден өтеді. Аталған шаралар транзитті жеңілдетуге және жалпы шекара бойында өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізінің әлеуетін кеңейтуге, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол учаскесін қарқынды пайдалана отырып, көлік артериясын дамытуға баса назар аударылды.

Сонымен қатар қазақстандық тарап ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық бере отырып, АӨК саласындағы ынтымақтастықты жандандырудың перспективті бағыттарын атап өтті.

Өз кезегінде Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин мемлекеттер басшылары деңгейінде қол жеткізілген барлық шешімдер мен келісімдерді іске асыру үшін белсенді жұмыс істеуге әзір екенін айтты.

Біз Қазақстанмен арадағы өзара сыйластық, сенім және стратегиялық әріптестікке негізделген қарым-қатынасты нығайтуға басымдық береміз. Өнеркәсіпте, энергетикада, медицинада, көлік инфрақұрылымында, цифрлық технологияларда ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Ресей мен Қазақстанның көлік және логистика саласындағы өзара іс-қимыл үшін зор әлеуеті бар екеніне сенімдімін. Біздің елдер аумақтары арқылы Еуразиядағы аса маңызды транзиттік бағыттар өтеді, – деді Михаил Мишустин.

Тараптар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың, сондай-ақ білім беру саласындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Үкімет басшылары мемлекетаралық қарым-қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын сақтау ниетін растады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама