×

Цифрлық майнинг: Қазақстан бюджетіне 652 млн теңге түсті

Бұл – үш айда түскен қаражат

 Айнұр Шошаева 30.05.2022 | 12:50
коллаж: Halyq Uni

Елімізде жыл басынан бері цифрлық майнингтен 652 млн теңге салық түсті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл – 2022 жылғы бірінші тоқсанда түскен ақша.

Атап өтсек, биылдан бастап Қазақстанда цифрлық майнинг үшін төлемақы енгізіліп, оның сомасы электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 1 теңге мөлшерінде бекітілген болатын. Цифрлық майнинг саласында қызметін жүзеге асыратын тұлғалар төлемақы төлеушілер болып саналады және қызметті жүзеге асыру кезінде тұтынылған электр энергиясының нақты көлемі үшін төлемақы алынады. Төлемақы сомасы тоқсан сайын есептік тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей төленеді. Сонымен бірге Салық кодексінде цифрлық майнинг үшін төлемақы бойынша салық есептілігін тапсыру көзделмеген. 

Цифрлық майнинг үшін төлемақы еліміздің 12 аумағының төлеушілерінен түскен:

  • Нұр-Сұлтан қаласы – 277,3 млн теңге;
  • БҚО – 143,1 млн теңге;
  • Ақтөбе облысы – 48,9 млн теңге;
  • Қарағанды облысы – 45,2 млн теңге;
  • Павлодар облысы – 36,9 млн теңге;
  • Алматы қаласы – 36,1 млн теңге;
  • Атырау облысы – 26,4 млн теңге;
  • ШҚО – 24,3 млн теңге;
  • Алматы облысы – 11,1 млн теңге;
  • Түркістан облысы – 2,2 млн теңге;
  • Жамбыл облысы – 685,1 мың теңге;
  • Қостанай облысы – 39,9 мың теңге.

«Қалған аумақтардан төлемақы түспеген. Негізінен, аталған төлемақы республикалық бюджетке түседі. Сәйкесінше, төлемақы түскен аумақ пен майнинг фермасының орналасқан жері сәйкес келмеуі мүмкін»,- делінген ақпаратта. 

Бұған қоса комитет бюджетке ең көп төлемақы төлеген майнинг компанияларды атады. Оның ішінде «AISolutions» ЖШС 93,2 млн теңге, «ЛЛУ АГРО-ЭНЕРДЖИ» ЖШС филиалы 76,7 млн теңге, «BCD Company» ЖШС 53,8 млн теңге төлеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама