Halyq Uni логотип
×

Үкімет басшысы «Бәйтерек» холдингінің саясатын қайта қарауды тапсырды

Холдингтің қолдау шараларының арқасында 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 3,8 трлн теңгенің өнімі шығарылған

 Еркеғали Болатұлы 29.02.2024 | 14:56
Үкімет басшысы «Бәйтерек» холдингінің саясатын қайта қарауды тапсырды
фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында премьер-министр «Бәйтеректің» саясатын қайта қарауды тапсырды, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.

Отырыста 2023 жылға арналған инвестициялық саясат талаптарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынылды. Холдингтің еншілес ұйымдары экономиканың шикізаттық емес салаларының кәсіпорындарына жалпы сомасы 2,8 трлн теңге көлемінде қолдау көрсеткен. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда, 45 пайызға артық.

Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жатпайтын 71 мыңнан астам компания мен ұйымға 2,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетілген. 2023 жылы АӨК саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 665,2 млрд теңге болған. Холдингтің қолдау шараларының арқасында 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 3,8 трлн теңгенің өнімі шығарылды және қызметтер көрсетілді.

Есептерді тыңдаған Үкімет басшысы «Бәйтерек» компаниясының сатыпалым ережелерін отандық тауарлардың үлесін түбегейлі арттыру жағына қарай қысқа мерзімде қайта қарауы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар елішілік құндылықты үнемі арттырып отыруы керек.

Біз «Бәйтерек» холдингі және басқа да даму институттары арқылы экономиканың белгілі бір кәсіпорындары мен салаларын қолдауға қомақты қаражат бөліп отырмыз. Сондықтан барлық іс-шара елішілік құндылықтың артуына ықпал етуі керек. Егер біз кәсіпкерге қолдау көрсетер болсақ, ол Қазақстанда қазір импорттап отырған тауарлардың өндірісін жолға қою, жұмысшылардың еңбек өнімділігі мен жалақы деңгейін арттыру, қосалқы мердігерлер немесе жеткізушілер ретінде отандық кәсіпорындарды тарту сияқты қарсы міндеттемелерді де өзіне алуға тиіс, - деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ ол қазір Үкіметтің елішілік құндылықты арттыру және отандық өндірісті дамыту жөніндегі шаралар кешенін дайындап жатқанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама