×

Қатар Қазақстанның ауыл шаруашылығына 500 млн доллар инвестиция салмақ

Астық және сүт өңдейтін зауыттар салынуы мүмкін

 Дәурен Ерболат 16.02.2024 | 10:50
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қатар еліміздің ауыл шаруашылығына 500 млн доллар инвестиция салуға ниетті, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға сапары аясында ауыл шаруашылығында инвестициялық әріптестікті нығайту туралы бірқатар келісімге қол қойылды.

Қатарлық Hassad Food компаниясы, түріктің Tiryaki компаниясы және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі арасында Ақмола облысында зауыт салу туралы уағдаластықты көздейтін келісімге қол қойылды. Бұл жоба 200 млн долларға бағаланды. Ол астық пен бұршақты терең өңдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Қатарда Dinara Group холдингі мен Qatar National Enterprises арасында ауыл шаруашылығын дамыту, құрылыс және инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау және білім беру үшін стратегиялық инвестициялық серіктестік туралы шартқа қол қойылды.

Қазақстан мен Орталық Азияның аграрлық секторын дамыту үшін бірлескен тікелей инвестиция қорын құру жоспарланып отыр.

Қол қойылған шарт шеңберінде Dinara Group холдингі қолданыстағы сүт, ет және өсімдік шаруашылығы өндірістерін масштабтауды, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды және қосымша сүт фермаларын, сүт өңдеу және ірімшік өндіру зауытын салуды және дайын өнімді Қытай мен Таяу Шығыс елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – шамамен 300 млн доллар. Бұл Қатардағы серіктестердің жоғары сенімін көрсетеді.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров салаға инвестиция тартуға және әріптестікті нығайтуға бағытталған бірқатар кездесу өткізді.

Қатар муниципалитеті министрі Абдулла бен Хамад бин Абдулла Аль Аттиямен кездесуде Қатарға қой мен дәнді дақылдарды жеткізу мәселесі талқыланды.

Ведомство басшылары дәнді дақылдарды Қатарға Иран логистикасы арқылы іске асыру мәселесін қарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама