Зейнетақы жинағы есебінен 25 млрд теңгеге Air Astana акциясы сатып алынды – Ұлттық банк
Бұл қордағы активті әртараптандыруға мүмкіндік береді
Ұлттық банк бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) есебінен Air Astana акциясын бастапқы орналастыруға (IPO) қатысып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
14 ақпанда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне 1 акция үшін 1 мың 73,83 теңге бағамен 24,9 млрд теңгеге Air Astana компаниясының жай акциялары сатып алынды, - деп жазылған Ұлттық банк таратқан хабарламада.
Air Astana-дан сатып алынған жай акциялардың жалпы саны – 23 млн 168 мың 975 дана. Бұл – шығарылған компания акцияларының жалпы санының 6,5%-на тең.
Қазақстанның жоғары сапалы эмитенттерінің жай акцияларын сатып алу БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін әртараптандыруға бағытталды әрі ұзақ мерзімді перспективада оның кірісін арттыруға ықпал етеді, - деп жазылған хабарламада.